Табиғи апаттан жүздеген адам зардап шегіп, мыңдаған ғимарат бүлінді.
ERNUR.KZ. Қытайдың орталығындағы Хубэй провинциясында күшті дауыл мен торнадо салдарынан 11 адам қаза тапты, деп жазады baq.kz.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Хубэй провинциясындағы Хуанши, Хуанган, Эчжоу және Сяньнин қалаларында нөсерлі дауыл мен екпінді жел соққан.
Кейбір аудандарда желдің жылдамдығы сағатына 140 шақырымға дейін жеткен. Жекелеген елді мекендерде торнадо тіркелді.
Билік мәліметінше, қолайсыз ауа райының салдарынан өңірде 22 ғимарат толық қирап, тағы 4 855 нысан түрлі деңгейде зақымданған.
Табиғи апаттан провинцияның әртүрлі ауданында 11 адам қаза тауып, 331 адам жарақат алды.
Қазір өңірде ауқымды іздестіру-құтқару және гуманитарлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ билік қайталама апаттардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейткенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясының Луннань қаласына қарасты Наньхэ кентіндегі ауылда таңертең көшкін жүрді.
Көшкін астында қалған 33 адамның 17-сі құтқарылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Билік зардап шеккен ауылдың тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға эвакуациялады.


