"Өнерге түсуге ақша сұрады": Талантты әнші банкте жұмыс істеп жүр

0
8 343

"Мені Мадина Ералиеваның сіңілісі емізген".


Атақты физик Пётр Леонидовичтің «Талант - дегеніміз адамның өзіне не керегін білуі» депті. Сонда ғана бойдағы талантты дұрыс бағыттайды десе керек-ті. Бүгінгі менің кейіпкерім де - арманы мен мақсаты талантына ұштасып жатқан жас әнші Орынгүл Батыхова.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Орынгүл! Сұқбатымызды сіздің дүниеге келген сәтіңізді еске алудан бастайықшы, естуімше, ерекше болып туған бала дейді.


Орынгүл Батыхова: Иә, «өмірге ерекше бала болып келдің» деп анам жиі айтады. Туған-туыс та басқа балалардың дарынын оқытып ашсақ, бұл қыз туғаннан дарынды деп отырады. Мені анам ауыр босаныпты, өзінен сүт те шықпағанға ұқсайды. Сол кезде жанында Мадина Ералиеваның сіңілісі жатыр екен, сол кісі өзінің кеудесіне басып сүтін берген. Мен ауруханадан шыққаннан кейін де мазасыз болып, көп жылаған екенмін. Бір күні емшіге алып барса, «Бұл баланың еш жері ауырмайды әншілік қабілетінен жылайды» депті. Кейін тілім шыққан бері ән айтып келе жатырмын, үйде сандықтың үстінде, сыртта автобус, не машинаның ішінде отырсам да әндете береді екенмін. Соны көрген әжем: «Бұл қыз өлмейді, өз нанын тауып жейді» деп айтатын көрінеді (күліп).


Қарашаш Есенбай: Қазір тойда жиі ән айтып, қыз ұзатып та жүр екенсіз. Бұл кәсіпті қай уақытта бастадыңыз?


Орынгүл Батыхова: Мен негізі 6 сыныптан бері тойға шығып, табыс тауып келемін. Бала кезден өзімді телеарнадан көруді армандайтын едім, ол арманыма да жеттім. Жақында «Сағындырған әндер-ай» концертіне шығып, үлкен сахнада өнер майталмандарымен бірге ән айттым. Ол жаққа менің өнерімді бағалап, өзімен бірге ертіп барған Дәмелі Сарыова деген ұстазыма алғысым мол. Одан кейін оқушы кезімнен Жақсығали Көшербаев деген ағайым қолдап, көмектесіп келеді.

Тойда жүргенімде дауысымды ұнатқан апайлардың ұсынысымен «Әдемі-ай» деген ансамблімді құрған болатынмын. Ол жерде келінді алып кіру, қызды ұзату деген сынды қызметтеріміз болды. Бірақ жұмысымның ауысуына байланысты оны жабуыма тура келді. Қазір тек өзімнің шығармашылыммен айналысып, тойға да жеке шығып жүрмін.


Қарашаш Есенбай: Байқауымша, басқа салада қызмет етесіз? Неге түбегейлі өнер жолын қумадыңыз?


Орынгүл Батыхова: Иә, қазір банк саласында жұмыс істеп жүрмін. Білесіз бе, музыка мектебін бітіргеннен кейін, өнер саласында оқып, әнші боламын деп ойладым. Бірақ оқуға түсу үшін «ақша бересің» деген сыбыстар шыққандықтан, менің ниетім қайтып қалдым. Өйткені олар айтқан соманы біз тауып бере алмайтын едік...

Содан кейін Атыраудағы оқу орнынан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын оқыдым. Бірақ ол салада қызмет етпедім. Ән айтып жүргенімде қазіргі басшым ұсыныс айтып, осы қызметке шақырды. Алғашында мен банк саласында қызмет ете алмаймын, әншімін деп ойлаған едім. Бірақ қазір үйреніп кеттім.


Қарашаш Есенбай: Қазақ тілінен басқа тілдерде де әнді тамаша орындайды екенсіз. Халықаралық конкустарға шығу ойда бар ма?


Орынгүл Батыхова: Сенесіз бе, маған қазақ тілі емес, орыс, ашылғын тілінде ән айтқан ыңғайлы. Болашақта орыс тілінде әндер жаздыру ойда бар. Әзірге оның нақты жоспарларын жасамадым, бірақ тыңдармандарымды жалықтырмаймын деп ойлаймын. Сондай-ақ сіз айтқандай конкурстарға қатысудың қамында жүрміз.



Қарашаш Есенбай: Қазір қандай ақын, композиторлармен жұмыс істеп жатырсыз?


Орынгүл Батыхова: Сазгер Қуат Әбілов ағаймен жұмыс істейміз, ол кісі шығармашылығыма толықтай көмектесіп жүр десем болады. Өзі әрі композитор, түрлі әндер ұсынады, сосын бірге таңдау жасаймыз. Жақында тележобаларға да қатысу ойымызда бар.


Қарашаш Есенбай: Қазіргі қазақ композиторларынан кімді жоғары бағалайсыз?


Орынгүл Батыхова: Әрине, өзімнің композиторымның шығармашылығы ұнайды. Одан кейін Арман Дүйсенов, Лұқпан Жолдасов сынды композиторлардың шығармалары, сосын ресейлік Игорь Крутойдың әндерін жақсы көремін. Маған жылдам, диапазоны кең әндер көбірек ұнайды.


Қарашаш Есенбай: Ал әннің сөзіне қаншалықты мән бересіз?


Орынгүл Батыхова: Оңай әрі тез жатталатынын таңдаймын. Себебі қазіргі тыңдарман соны қалайды.


Қарашаш Есенбай: Мұны сұрап отырғаным, сіздің «Алыстамын» деген әніңізді тыңдадым. Біздегі осы тенденция қайдан шыққаны маған қызық... Бұрын жігіттердің «аңсадым, сағындым» деген әндері көп болса, қазір оны қыздар көбірек айтатын болған. Осы үрдіске көзқарасыңыз қандай?


Орынгүл Батыхова: Иә, ондайдың бар екені рас, дегенмен менің әнім өзімнің өмірімнен алынған. Алғашқы махаббатыма арнап шығарған болатынмын. Оған айтар сөздерімді әнмен жеткізгім келді. Ол өте жақсы адам болатын, қазір де маған тілектес, мені үлкен сахнадан көргісі келеді, сол үшін «Алматыға бар» деп жиі айтатын.


Орынгүл Батыхова, "Алыстамын" әнін тыңдау үшін


Қарашаш Есенбай: Өнер ордасына келу өзіңіздің жоспарыңызда бар ма?


Орынгүл Батыхова: Әрине, бар. Қуат аға екеуміз Астанаға барып жаңа леппен шығармашылығымызбен айналысқымыз келеді, жақын күндері барып та қалармыз. Өзіме ұнайтын әншілермен де дуэт айтқым келеді. Маған Жанар Дұғалова, Маржан Арапбаеваның дауыстары ұнайды, менің үніме жақын. Сондай-ақ өнерімді кәсіби тұрғыда жетілдіру қазіргі мақсатым болып отыр.


Қарашаш Есенбай: "Бала даусына" шәкірт дайындаған екенсіз, өзіңіздің ұстаздыққа көңіл аударғыңыз келе ме?


Орынгүл Батыхова: Балалармен жұмыс жасаған ұнайды, бірақ өзімнің шығармашылығымды әлі де дамытқым келеді. Қазір де музыка мектептерінен ұсыныстар түсіп жатыр, өнерімді бағалап жатқандары үшін қуанамын. Дегенмен әлі уақыты келмегендей... Өз өнерімді танытып, шығармашылығымды жетілдіріп болғаннан кейін продюсерлікпен айналысып көру ойымда бар.


Қарашаш Есенбай: Өнермен айлысуға отбасыңыз қалай қарайды? Әдетте қыз баласының бұл жолға түсуіне қарсылық танытып жатады ғой, сізде ондай мәселе болмады ма?


Орынгүл Батыхова: Шүкір, мені қолдайды! Өнер менің нағашыларымнан дарыған, сондықтан бізге жат емес. Өзімнің кейде әнге сөз жазатын қабілетім бар, бірақ әзірге шығаруға ұялып жүрмін.



Қарашаш Есенбай: Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз?


Орынгүл Батыхова: Екі ағам мен анам бар. Анам мен әкем ертеректе айырылысып кеткен. Бірақ әкеммен араласып тұрамыз.


Қарашаш Есенбай: Сізді биіктен көргіміз келеді, әңгімеңізге рақмет!


Автор: @karashash_esenbay

Фото: @oringulbatihova

ERNUR.KZ