​«Ямайка» - отбасымыздың бағы»: Әнші-ұстаз Әлден Жақсыбековпен сыр-сұхбат

0
1 349

«Біз өнерден басқа саланы таңдай алмаймыз»


​«Ямайка» - отбасымыздың бағы»: Әнші-ұстаз Әлден Жақсыбековпен сыр-сұхбат

Жақсыбековтер әулеті оңтүстік өңіріне ғана емес, елімізге, өнер әлеміне етене таныс. Сайлаубек Жақсыбеков өнер додасына Алтынай Жорабаева, Сая Махамбет, «Тұран» дуэті сияқты, бас-аяғы 17 лауреатты дайындап қосты. Ал ол кісінің үлкен ұлы Әлден Жақсыбеков «Арай», «Жас қанат», «Азия дауысы», «Азия Шанхай» байқауларында топ жарып, жүлделі орындарға ие болған. Өнер мен ұстаздық қызметті қоса алып жүрген талантты әншімен сұхбаттасудың сәті түсті.


- Әлеке, 2000-шы жылдарың қазіргі тілмен айтқанда хит әншілерінің бірі болдыңыз. Байқаудан байқау, концерттен концертке шапқылап, нағыз талант, дара дауыс иесі екеніңізді көрсеттіңіз. Қазір шығармашылығыңызда не жаңалық боп жатыр, әңгімені осыдан бастайықшы.

- Әнші үшін шығармашылық тоқтаса, одан асқан жаза жоқ. Сондықтан қандай жағдай болмасын, Құдай берген дауыс көмейде тұрғанда ән айтуды тоқтатпаймыз. Ақырындап, анық басып, әнімізді айтып жүріп жатырмыз. Әншілікпен қоса ұстаздыққа бет бұрғанбыз. Музыкалық мектептерде вокалдан дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеп келемін. Одан бөлек өзімнің балаларымды өнерге баулып, әрқайсысын өздерінің бейіміне, табиғатына қарай әртүрлі бағытқа жетелеп, додаға қосуға атсалысып жүрміз.


- Әлемге танымал «Ямайка» әнін естісек, сіздер еске түсесіздер. Алдымен өзіңіз, сосын ініңіз Ерден Жақсыбеков, Қылышбек Жақсыбеков орындап, халықаралық байқауларда топ жардыңыздар. Жалпы, бәріңіз өнердің бел ортасында жүрсіздер, бұған әкенің, ананың ата-ананың ықпалы болды ма? Басқа саланы таңдау туралы ой келген бе?

- Көзімізді ашып көргеніміз музыкалық аспаптар болды. Домбыра, қобыз, баян, фортепиано, бәрі біздің үйде қаз-қатар тізіліп тұратын. Одан бөлек папам, мамам, арырақ барса өз атам, нағашы атам, әпкем, жездем, бәрі осы салада қызмет еткен. Папам мен мамам консерваторияны бітірген кәсіби мамандар. Әкем Сайлаубек Жақсыбеков «Өнер саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанған. Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұстаздық қызмет атқарды, кафедра меңгерушісі болды. Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияны басқарды, Сүгір атындағы оркестрдің директоры болды. Қазір енді зейнеткер, демалыста. Мамам арфа аспабының маманы, консерваторияны бітірген соң жолдамамен Шымкентке келіп, осында қалып қойған.

Сондықтан бізде басқа саланы таңдау туралы ой болған жоқ. Музыкалық мектепте баян аспабы бойынша бітірдім. Сосын колледжге түсіп, алдымен баян бөлімінде, сосын вокал бөлімінде білім алдым. Қолға дипломды алған жылдары үлкен сахнаға қадам бастым. 2001-жылы «Арай» байқауында бақ сынадым, одан кейін «Жас қанатта» өнер көрсеттім. «Азия дауысында» лауреат атанып, «Ең үздік ел дауысы» номинациясын жеңіп алдым. Сосын Шанхайда өткен «Азия Шанхай» халықаралық байқауында лаурет болдым. Жалпы, қай саланы таңдасаң да, адам сол таңдаған саласының үздігі болуға талпынуы керек. Осы мақсатта өзіңді көрсетуге мүмкіндік беретін байқаулардың бәріне қатысып, бақ сынадық. Одан жаман болмадық, елге танылдық, жүлдені де алдық. Шүкір...


- Әнші болып, басқалар сияқты той-томалақтың төңірегінде жүре беруіңізге де болар еді ғой. Ұстаздық жолды неге таңдадыңыз?

- Өзіме, оң жамбасыма ұстаздық құп келді. Өзім байқауларға қатысып, оза шауып жүрген шақтарда да сахнаға өзімнен үлкен, өзіммен қатар, жасы кіші қыз-жігіттерді дайындап жүретінмін. Сол нәрсе мені ұстаздық жолда таңдауыма алып келді. Оның үстіне әкем де, анам да ұстаз болған, арғы аталарымыз да шәкірт тәрбиелеген. Бәрі қанмен, көрген тәрбиемен келеді екен ғой.

Музыка әлемінің шыңы жоқ, қыры мен сыры көп. Оған жету, түбіне бойлау мүмкін емес. Сондықтан ұстаздық ете жүріп әлі де өзіміз үйреніп жатырмыз. Шәкірт тәрбиелеу – сүйікті ісім. Шәкірттерімнің алды халықаралық, бергісі республикалық байқауларға қатысып, жүлделі боп келіп жатыр. Жақсы, талантты жастар қазір өте көп, алдағы онжылдықта солардың жемісін көреміз, бұйыртса.


- Сіздердің кездеріңіздегі өнердің бағыты, стилі басқаша болатын. Қазіргі жастардың ұстанған бағыты, музыкалық талғамы ерекше. Осы жөнінде не айтасыз?

- Жалпы алғанда, қазір барлық нәрсе жан-жақты дамып кетті. Техинканың соңынан қуып жету мүмкін емес. Сол сияқты эстрадалық бағыттағы стиль де күн сайын құбылып, заман ағымына сай түрленіп жатыр. Поп дейді, рок дейді, оның қосындысы бар, неше түрлісі шығып кетті.

Біздің кезімізде деп қатты алысқа бармай-ақ қояйық, дегенмен де біздер әнді түпнұсқадан айнытпай айтуға тырысатынбыз. Композитор мен ақынның қандай ой бергісі келді, қандай шабытпен жазылды соны бұзып алмайық деп абайлайтынбыз. Ал енді қазіргі жастардың ойы, түсінігі басқаша. Біз кезінде аяқ, ләңгі ойнап өссек, олардың ойыншықтары бөлек болды ғой. Өнер де сол сияқты, әркім өзіне қолайлы бағытты таңдап, сол бойынша қолынан келгенін істеп, айтып жатыр. Мен бәріне жақсы қараймын. Әннің көп болғаны жақсы, айта берсін. Уақыттың өзі керегін алып, керек емесін жағаға лақтырып тастайды.


- Отбасыңызда, өз балаларыңыздың ішінде өнерге жақыны бар ма?

- 2011-жылы отбасын құрдым. Екі ұл, үш қызым бар. Оларда да бір-ақ таңдау тұрған сияқты. Өнерден ешбірі де алыс емес. Екінші қызым фортепиано аспабында музыкалық мектепте оқиды. Сол қызым музыканы түбегейлі жалғастырады. Фортепиано аспабының маманы болады, ертең колледжге түседі, ары қарай осы жолды қуады. Ал қалған балалардың бойында да өнердің барлық түрінен аз-аздан бар. Атасы, апасы, папасы, бәрі музыкант болған соң толық біліп, соңын қуып кетпесе де хабардар болсын деп түрлі аспаптарға беріп қойғанбыз. Үлкен ұлым саксафон мен гитарада ойнайды. Үшінші қызым флейта аспабында, төртінші қызым скрипка аспабында білім алып жатыр. Бесіншісі әлі кішкентай, бірақ оны болашақта домбыраға, жыр-термеге берсем бе деп ойлап қоямын.


- Бәрекелді, болашақта Жақсыбековтер ұлт-аспаптар оркестрін құрсаңыз болар екен. Өнерлеріңіз өрлей берсін!


Сұхбаттасқан – С. МАҚҰЛБЕК.

ERNUR.KZ