Тістеріңіз ақ маржандай жарқырап тұрса керемет емес пе?!
фото: indikavkaz.ru
Жайнаған аппақ күлкі кез келген адамға жарасады. Кейде тістері қисық немесе сарғыштау адамдар 32 тісін барынша көрсетіп күлуге қысылады. Күлкіні де еркіне жіберіп, шынайы кіршіксіз күлмеу де қиындау. Сондықтан, тістеріңіз ақ маржандай жарқырап тұрса керемет емес пе?!
Әрине тістерді маманға көрсетіп, аурулары болса емдетіп, арасында тазалатып тұру керек. Ал тістерді ағарту процедурасына қаражатыңызды үнемдегіңіз келсе, өзіңіз-ақ үй жағдайында ағартуға болады. Үй жағдайында ағарту жолдары қиын емес, дегенмен тіс эмальін зақымдап алмас үшін мейлінше сақтық шараларын қолданыңыз.
Ас содасы
Тіс ағартудағы бірінші көмекшіңіз - ас содасы. Ас содасын кез келген үйден табуға болады. Соданы тұзбен немесе тіс пастасымен араластырып қолдансаңыз, сарғыш тістеріңіздің ағарып келе жатқанын байқауға болады. Дегенмен, бұл процедураны күнделікті қолдану тіске зиян.
Ол тістің бетіндегі эмальды қырып ағартады. Сондықтан бұндай әдіс-тәсілді аптасына бір реттен артық жасамаңыз. Егер тісіңіз ыстыққа, суыққа сезімтал болса, бұл әдісті қолданбағаныңыз жөн. Өйткені, тістің эмальі жұқарған сайын сезімталдық одан әрмен арта түседі.
Сутек тотығы
Сонымен қатар, тіс ағартудағы тағы бір жақсы құрал - сутек тотығы (перикись водорода). Онымен ауызды шайыңыз, не мақтаны сулап, тістеріңізді сүртіңіз. Бұл әдіс те зиянсыз емес, сондықтан жиі қолданбаңыз.

фото: levi-dent.ru
Ағаштың күлі
Ағаш күлі бұрыннан бері ел ауызында жүрген тіс ағарту жолдарының бірі. Оның құрамындағы калий гидроксиді тісті бір сәтте ағартады. Аналарымыз бала кезімізде фарфор ыдыстарын осындай ағаш күлімен ысқылап, жуып алатын. Сонда шәйнек пен кеселер әп-сәтте аппақ болып шыға келетін. Соған қарағанда ағаштың күлінің де ағартатын қасиеті болғаны ғой. Егер мұндай күлді табу қиынға соқса, оның орнына белсендірілген көмір қолдануға да болады.
Лимон шырыны
Табиғи тіс ағартатын құралдардың бірі - лимон шырыны. Оны тіске жағып, артынан көп күтпей 1-2 минуттан соң, сумен шайып жіберіңіз.
Құлпынай
Тағы да бір табиғи және өте дәмді тіс ағартқыш – құлпынай. Табиғи құрамдас бөліктерінің арқасында ол эмальдағы күңгірт дақтарды кетіре алады. Құлпынайдан езбе жасап, тіске жағып, бірнеше минуттан кейін шайып тастаңыз.
Ескерту:
Үйдегі тіс ағарту шаралары тісіңіздің саулығына әсер етуі әбден мүмкін. Тістеріңіз сезімтал болып, суық пен ыстыққа ауыруы да мүмкін. Ағарту барысында тістің эмальі жұқарады, ол анық. Сондықтан бұндай шараларды бастамас бұрын, тістеріңізді сүт тағамдарымен берік қылыңыз. Мысалы сүзбе, ірімшік, йогурт жеп барып, ағарту шарасына кірісіңіз.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:


