​Әйелдің табысын «тартып алу» еркекке тән емес

0
13 129

Күйеуіне болысу үшін бір жағынан шығып, мойнындағы жүктің бір бұрышынан көтерісіп көмектескені үшін әйелді бағалау керек.


​Әйелдің табысын «тартып алу» еркекке тән емес

фото: ernur.kz

Ер-азамат отбасының асыраушысы екендігі әлімсақтан белгілі, оның жаратылысына, болмысына лайық дүние. Ал, әйел отбасының ұйытқысы, балаларының тәрбиешісі, отбасы-ошақ қасындағы тіршіліктің жауапкершілігін мойнына алған жан. Алайда, заман ағымына сай қазіргі күнде әйел, еркек деп бөлінбей, екеуі де бір отбасының қамы үшін тіршілік қамытын арқалап, табыс табудың қамына кірісіп кетті.

Әрине, бала тәрбиесі, үй тіршілігі үшін көмек беретін адам болса құба-құп. Егерде олай болмай, балаларға көңіл бөлуге, олардың тәрбиесімен айналысуға уақыт тапшы болып жатса да «балаларымның болашағы үшін» деп білек сыбанып ерімен бірге табыс табудың жолына түссе мұны да құптамаймыз деп айта алмаймыз. Өйткені, барлығы да жақсы өмір сүргісі келеді, балаларын да қатарының алды етіп өсіргісі келеді. Ол үшін әрине, қаражат керек. Киімі мен тамағын, керек-жарағын айтпағанынның өзінде баланың қабілет-қарымына, қызығушылығына қарай түрлі үйірмелерге қатысуының өзі аз ақша емес. Бала жан-жақты болып өсуі үшін, келешегіне кемел қадам басуы үшін әрбір ата-ана мұндайда аянып қалмақ емес.

Бірақ, әйелдің табысы қаншалықты көп болса да, ол ер азаматтың азғантай табысынан берекелі болмайды. Күйеуіне болысу үшін, бір жағынан шығып, мойнындағы жүктің бір бұрышынан көтеріп, көмектескені үшін әйелді бағалау керек.

Әйел жұмыс істеп, табыс тапса, ол әрине, өзі үшін және балалары үшін. Кейбір ер азаматтар бар, әйелінің бар тапқанын уысында ұстап, барлығына өзі билік жүргізгісі келеді. Сонда әйелдің орны жоқ, ол тек отбасына кіріс көзі ғана немесе бала күтушісі, үй қызметшісі болып қала бермек. Әйелдің де өзінің арман-мақсаттары, қол жеткізгісі келген дүниесі болуы мүмкін. Мәселен, әйел өзіне жаңа киім сатып алғысы келді немесе бет-жүзін әрлеу үшін сәндік бұйымдарын сатып алғысы келді делік. Оны сатып алуға өзінің тапқаны да жетерлік, бірақ, табысының әр тиынын есепке алып, өз ойынша есеп-қисап жүргізіп отыратын күйеуінің сөзінен аттап өте алмайды. Егер оған қарсы шықса, табандап тұрып алса қалағанына қол жеткізуіне де болар еді, бірақ, әйел отбасының тыныштығын әрдайым алдыңғы орынға қояды. Сондықтан, күйеуімен салғыласып, осы ақша мәселесінде екеуінің арасында туындаған ұрыс-керістің салқыны балаларына да әсер етпеуін ойлайды. Балаларына ерлі-зайыптының арасындағы кикілжіңді көрсеткісі келмегендіктен, күйеуі осындай әйелдер шыдауға мәжбүр болады.

Ал әйелінің осындай көнбістігін өз пайдасына шешетін еркектер өзінің «жеңісіне» масаттанбай, керісінше мынаны ұғып алғаны жөн.

Құранда әйелдердің мәҺрі жайында (неке сыйы) былай делінеді:

«Егер әйелдер өз еріктерімен сендерге одан бір нәрсе берген болса, онда оны жеңдер. Жұғымды, сіңімді болсын».

Ал әйелі өзі жұмыс істеп тапқан табысын күйеуіне беруіне міндетті емес. Ол ақшасын өзіне жұмсаймын десе де, отбасына беремін десе де өзінің еркінде.

Ерлі-зайыптылардың тапқан табысы ортақ қазынаға түсіп жатса, яғни, екеуі бірігіп бір отбасылық мәселенің шешімін табуға (баспана салуға, көлік алуға, балалардың қажеттілігіне жұмсауға т.б.) пайдаланса мұның еш ағаттығы жоқ. Керісінше, келісім арқылы мәмілеге келіп жатса мұның ерлі-зайыптыларға сауабы мол.

Дегенмен, отбасын асырау, жоғымен қамтамасыз ету ер-азаматтың мойнына жүктелгендіктен, отанасының рұқсатынсыз, оның табысына қол сұғуына хақысы жоқ. Егер өз ризалығымен беріп жатса ол басқаша жағдай.

Әйел табыс табу үшін күрессе, ол отбасы үшін күреседі деген сөз. Күйеуіне жеңілірек болсын деп жанашырлықтан жұмыс істейді. Солай екен деп әйелдің бар тапқанын «тартып алу» бұл ер азаматқа тән қылық емес. Керісінше, әйел табыс тапса өзіне жаратсын, оны еркелетіп, арасында өзіңіз оған сыйлық жасап тұрсаңыз, әйел деген отбасы үшін жанын беруге даяр халық қой.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ