​Балалар неліктен мектепке барғысы келмейді

0
2 803

Әрбір ата-ана баланың өз мақсатын айқындап алуына көмектесіп, әрбір оң ісін шабыттандырып отыруы керек.


​Балалар неліктен мектепке барғысы келмейді

Әне- міне дегенше ең ұзақ тоқсандық сабақ басталып та кетті. Ала жаздай мектепті аңсаған балалар, екі тоқсанды аяқтамай жатып қайта жазғы демалысты сағына бастағаны анық. Тіпті кейбір балалар мүлде мектепке барғысы келмей қалатыны бар.

Бұл жағдай бас ауруынан, зейіннің, немесе ұйқының бұзылуынан болуы мүмкін. Себебі қазір балалар оқу үлгерімі үшін барлық күш-жігерін тауысып жатады. Ол күні бойы мұғалімнің үйреткенін тыңдайды, ал үйде оны ата-ананың үйрететін сабақтары күтіп тұрады. Тіпті баланың қателік жасауға құқығы жоқ: оқу бағдарламасын қандай қиын болса да меңгеру керек.


Бала үшін мектеп – жүйкеге тиетін орын ба?

Мұны қалай шешуге болады?

Бірінші кезекте бала ата-ананың өзін тек баға үшін ғана жақсы көрмейтінін ұғыну керек. Мейлі ол барлық сабақтан екілік алған болса да,ата-ана көзімен ол әрдайым жақсы бала болып қала беруі керек. Балаға деген мұндай қарым-қатынас оның шамалы болса да шаршаған жүйкесін тыныштандырып, күйзеліс деңгейін сәл де болса төмендетуге көмектеседі.

Қазіргі мектеп бағдарламаларының қиын екені белгілі. Тіпті әзілкештер де түрлі әзілдерімен сабақтың бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күрделеніп кеткенін айтып жүр. Бірақ берілген тапсырманы қандай болса да орындау қажет. Сондықтан бала сабақтан қиналып, түсінбей, шеше алмай жатқан болса, «мен де түсінбеймін» деп басты алып қашпай, көмектесу керек. Сабақты бірге орындауға, тіпті жанұядағы барлық жан бірігіп шешіп беруге тырысу қажет. Қазір ақпараттық технологияның жақсы дамыған кезі. Ғаламтордан көп нәрсені табуға болады.

Үй жұмысын бірге орындауға уақыт таппаған жағдайда күнделікті күн тәртібін ретке келтіруге тырысу керек. Баланың ұйқысының қанық болуына, жақсылап тынығып, ойын-ойнап немесе сүйікті өзге ісімен бір мезгіл айналысуына да уақыт берген жөн. Таңнан кешке дейін кітапқа телміртіп немесе сабақтан кейін қосымшаға, одан үйірмеге деп жүктеп тастауға болмайды. Үй жұмысын орындаған кезде 25 минут сабаққа дайындалса 10 минут демалып алғаны дұрыс. Сонда сабақ ол үшін қиын емес, қызықты ойын секілді өтеді.


Мектепте іш пысса...

Бұл ең жиі кездесетін себептердің бірі. Қазіргі заман балаларын әлденемен қызықтыру, сабаққа ынталарын, қызығушылықтарын ашу оңай шаруа емес. Ал мектеп балаға қадай да бір қызықты нәрселерді үйретпейді, ол бар болғаны оқу жоспарында бар дүниені ғана оқытады. Сондықтан мұғалімге де, ата-анаға да біріншіден, сабырлық керек.

Баланың мектепте іш пысуының бірнеше себептері болуы мүмкін. Бұл — баланың жас ерекшелігіне де байланысты. Мысалы, мектеп табалдырығын енді аттаған бала мен бастауыш мектепте оқитын немесе жасөспірім оқушы арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар екені айқын. Сондықтан 7-13 жас аралығындағы балалардың көпшілігінің сабаққа деген қызығушылығының жоғалуы қарапайым жалқаулыққа қатысты болуы мүмкін. Ұйқысын, ойынын қимай, сабаққа барғысы келмейтіндер де болады.

Ал жеткіншектер арасында қолынан телефоны түспейтін немесе достарымен қыдырып, серуен құрып сабаққа баруға қолдары тимейтіндер де жиі кездеседі. Демек, мұндағы қорытынды, мәселені шешпес бұрын оның неден туындап отырғанын анықтау маңызды.


Мектептегі қолайсыз жағдайлар

Мектепте балаға теріс әсер ететін көптеген нәрселер бар. Мысалы мұғалім сабақты қызықсыз өтеді немесе шектен тыс қатал, болмаса айналасындағы балалар, баланың қызығушылығы, ерекшелігі, тіпті түр-келбеті секілді т.б толып жатқан себептер.

Сондай-ақ досмен арадағы жай ғана түсініспеушілік те баланың мектепке баруға деген ықыласын төмендетуі мүмкін. Сондықтан алдымен баланың араласатын ортасына мән беру қажет. Мектеп қабырғасында жүріп алған кейбір соққылар көңілде қалып, баланың жүйкесіне салмақ түсіруі мүмкін. Келешек ересек өмірге қадам басқанда да көрініс беруі ғажап емес.

Сонымен бірге баланың достары мен сыныптастары сабаққа баруды ұнатпайтындар қатарынан болса, оның да оқуға деген ынтасы жоғалуы мүмкін. Себебі орта — әдет пен жүріс-тұрыс, мінез-құлыққа қатты әсер етеді. Бұл жағдайда баланың өзімен немесе сыныптас достарының ата-анасымен жақсылап сөйлесу керек.

Балалардың бір-біріне тиісуі де мектепке барудан қашқақтаудың бір жолы

Мұндай жағдай көп реттежасөспірімдер арасында орын алып жатады. Сондықтан мұндай жағайды күрделі мәселе ретінде қарау керек. Жасөспірім кезеңде бір топ баланың біреуге қарсы топ болып бірігуі жиі кездеседі. Жалпы мұндай жағдайлар қоғамның қай кезеңінде болмасын кездесетінін ескерген жөн. Сондықтан егер мұндай жағдай кездесе қалса одан шығудың ең тиімді жолы, мектеп ауыстыру, жақсыпсихолог тауып әңгімелестіру.

Ата-ана қысымы

Кез-келген ата-ана баласының үлкен білім алып, келешек биік белестен көргісі келеді. Алайда осы үшін баланы қинап оқытудың қажеті жоқ. Себебі уақыт өте келе бала сабақтан қашып, мүлдем оқуға деген ынтасын жоғалтып алуы мүмкін немесе қанша қинаған сайын ол қорқыныштан түк ұқпайды. Сондықтан «сабақ оқы!» деп бұйырып, бөлмеге қамап оқыту секілді әдістерді қолдану тиімді емес. Қысым мен айқай оның оқу үлгеріміне әсер етуі екі талай.

Негізі балаға ең алдымен ата-ананың махаббаты керек. Жауапкершілікті сезінген бала сабақты ерекше ынтамен оқиды.

Бала алдында ата-ана ұрыспауы керек

Балның сабаққа барғысы келмейтін тағы бір себебі - отбасындағы мәселелер. Баланы кішкентай, көп нәрсені ұға бермейді деп елемей қоюға болмайды. Ата-аналардың ұрыс-керісі немесе қандай да бір қиындық мәселелері балалар алдында шешілмеуі керек. Тыныш, жайлы отбасында өскен балалардыңкөбіне көңілі тоқ, әрбір іске құлшыныспен қарайды. Сабағын да ынталанып оқитын болады.

Артық жүктеме

Мектепке бармаудың тағы бір себебі баланың шамадан тыс жүктемесі болуы мүмкін. Кейбір ата-аналар «балам мен көргенді көрмесін, оқысын білім алсын, шетел ассын» деп балаға бос уақыт қалдырмайды. Баланы түрлі үйірме, қосымшаларғажаздырып сүйрелеп жүреді. Алайда ата-аналар ересек болса да сол режимде өзі өмір сүре алмайды. Мұндай демалысы жоқ білім алу баланы тез жалықтырып, шаршатып жібереді.

Сонымен, ең бірінші кезекте ата-анаға баланы не қызықтыратынын түсініп алу керек. Егер оны әскери тарих қызықтырса, осы тақырыптағы кітаптарды оқып, кино көргенді ұнатса, әскери тарихшы болғың келе ме деп сұрау керек. Егер ол «Иә» деп жауап берген жағдайда оның осы мамандыққа деген қызығушылығын арттыру. Бұл мамандықты қай институтта алуға болады, келешегі қандай. Егер балада мақсат болса, қажет білімді ол сіздің бақылауыңызсыз-ақ өз бетімен алады.

Егер балаға техникалық сабақтар қиын тиіп, бала гуманитарлық білімге ықыласы ауса, немесе керісінше болса, онда баланы мамандандырылған сыныпқа немесе бағытталған мектепке беруді ойластыру керек. Баланы оқытатын ұстаздармен жиі қатынасу керек. Олар оның шамасы туралы, қандай қабілетін дамыту керектігі туралы кеңес береді.

Әрбір ата-ана баланың өз мақсатын айқындап алуына көмектесіп, әрбір оң ісін шабыттандырып отыруы керек. Себебі өзінің түпкі мақсатын түсінбеген оқушы үшін сабақ мағынасыз, түсініксіз болып көрінуі мүмкін.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.