Бала тәрбиесіндегі байқалмайтын қателіктер.
Ата-аналардың жіберетін осындай қателіктерінің салдары бала денсаулығына да зиянын тигізіп жатады екен. Осының алдын алу үшін арнайы орталық мамандары зерттеп, зерделеп, ата-аналар тарапынан кететін қателіктер тізімін ұсынған.
Баланы қытықтау
Баланы күлдіріп, күлкісіне шаттану үшін кейде қытықтап жататынымыз жасырын емес. Алайда қытықтаудан келген күлкі шынайы болмайды екен.Тек бет әлпетте қуанышты күлкінің бейнесі ғана көрініс береді дейді мамандар. Балаларды қытықтаған кезде шартты рефлекс қалыптасып, қаламаса да күлуге мәжбүр болады. Мұндай әрекет балада тітіркенуді тудырады.
Төсегіне жастықтар мен жұмсақ ойыншықтарды қою
Көптеген ата-аналар тыныш, жайлы ұйқы үшін балаға тек жақсы төсенішжәне жамылатын кішкене көрпе ғана қажет екенін түсінбейді. Сондықтан кейде балалар төсегіне жастық қойып, асты үстін жұмсақ етіп, түрлі ойыншықтарды айналасына іліп жатады.Алайда, мамандардың пікірінше балаға белгілі бір жасқа дейін жастыққа жатып (тіпті кішкентай және тегіс болса да) ұйықтау зиянды. Сондай-ақ қазіргі кезде жоғарыда айтып өткендей ата-аналар балалар ұйықтайтын орынды безендіріп қоюға қатты көңілбөліп жатады. Тіпті ұйықтаған кезде жанына жұмсақ ойыншықтарды бірге жатқызады. Бірақ бұл дұрыс әрекет емес. Жұмсақ ойыншықтар кез келген уақытта баланың ұйықтауына кедергі келтіруі мүмкін. Тіпті ұйықтап жатып бұрылып, қолын қозғап жіберген кезде, мұрнын жауып қалуы да бек ықтимал, яғни тыныс алуын қиындатып, өміріне қауіп тудыруы мүмкін.
Түнгі шамды пайдалану
Балалар жатқан жерде түнімен жанып тұратын шамның негізгі тигізер пайдасы өте аз. Бұл шам ата-аналар үшін ғана тиімді. Яғни олар баланың жөргегін оңай тауып, тамағын бере салғанға ыңғайлы. Алайда дәрігерлер балалардағы өсу гармонының қараңғыда жақсы қалыптасатынын айтуда. Сондықтан бала қараңғыдан қорқатын болса, шамды ұйықтағанша ғана пайдалану ұсынылады.
Баланы тербетіп ұйықтату
Баланы тербетіп ұйықтату ата –аналар үшін қалыпты жағдай. Бесік, кереует, тіпті аяққа салып тербетіп жүріп ұйқыға жатқызамыз. Кейде тербету ұзаққа созылып, баладан бұрын өзіміз шаршап ұйқымыз келетін кездер кездеседі. Педиатр мамандар баланы бұлай ұзақ тербетіп, шайқау есінен айыруы мүмкіндеп есептейді. Сондықтан ұйықтату үшін балаға жайлылық жасау жолдарын іздеп көруді ұсынады. Яғни баланың не үшін ұйықтамай жатқанын басты назарға алу керек. Мысалы оның жөргегі толып немесе киімі ыңғайсыз, қарны ашып, шөлдеген болуы мүмкін. Осы жайттарды ескеріп, баланы тербетусіз-ақ ұйықтатуға тырысу керек. Алайда тербеусіз мүлде ұйықтамайтын болса, онда шамалы уақыт бірқалыпты жай тербеліс жасау керек.
Шектен тыс тазалық
Қазіргі кезде көпшілік ата-аналар «тазалық» қағидасын қатты ұстанып кеткен. Тіпті, сыртта топырақ ұстап, құм ойнап жүрген балаларды сирек көретініміз де жасырын емес. Әрине, тазалық – денсаулық кепілі екені рас. Бірақ қазіргі уақытта көптеген елдің мамандары шектен тыс тазалықтың бала дамуына кері әсерін тигзеді деген пікірге тоқтауда.
Шектен тыс тазалық бала ағзасында инфекциямен күресуге дайын жақсы иммунитеттің қалыптасуын баяулатады және бронх демікпесі, аллергиялық ринит және атопиялық дерматит сияқты аллергиялық аурулардың өршуіне әсер етеді. Сондықтан мамандар балаларға топырақпен ойнауға, ит, мысық секілді үй жануарларын ұстауға тиым салмау қажет дейді. Яғни бала неғұрлым ерте кезден кез келген аллергия туғызатын жайттармен бетпе-беткелген сайын ағзасы оған қарсы иммунитет қалыптастырып, қалыпты жағдай секілді қабылдауға үйренеді.
Баланы жалаң аяқ жүргізу
Орта есеппен алғанда балалар жасына жеткенде жүруді бастайды. Ал алғашқы қадам үшін қуанған ата-аналардың бірі балаға аяқкиім әперсе, енді бірі жалаңаяқ көбірек жүргізуге тырысады. Егер бала аяқ киімсіз құммен, шөптермен, ұсақ тегіс тастармен жүретін болса, мұның пайдасы көбірек. Ал үйде тегіс плитка, паркет немесе ламинат үстінде жалаңаяқ жүргізу керісінше зиянды. Яғни теп-тегіс жылтыр, салқын еденді басу нәтижесінде табанның табиғи қалыптасуы бұзылуы мүмкін.
Алдындағы асын толықтай жеп тауысуға мәжбүрлеу
Көптеген ата-аналар баланың өзіне салынған тамағын тауысп тастағанын қалайды. Оны тауысқызу үшін еркелетеді, ұрысады, қорқытады әйтеуір жеп қоюға мәжбүр етеді. Алайда тәрелкедегі тамақтың таусылғаны тек тамақ берген адамды ғана қуантатыны өтірік емес. Мұндай мәжбүрлеп тамақты таусып жегізу балада дене тітіркенуін туғызуы мүмкін. Сондықтан мейлінше баланың өзі қалағанша жегені жөн.
Қолындағысымен бөлісуге үйрету
Шамамен екі жастан ары қарай балалар өздерін жеке тұлға ретінде сезіне бастайды. Соған сай өз заттарында танып-біліп егелік жасай бастайды. Өкінішке орай көптеген ата-аналар баланың бұл жастағы ерекшелігін ескере бермейді. Сондықтан балалар таласып қалса қолындағы затын немесе тамағын бөлісуге мәжбүр етеді. Ал, психолог мамандар мұндай балалардан келешек өз қалауын айта алмайтын, ешкімге жоқ дей алмайтын ұл-қыз өсіп шығады деп есептейді.
Баланы қымтап орау
Мұрын мен алақан және табанның мұздауы баланың денесінің салқындағанының белгісі емес. Бала ағзасындағы қанайналымның ерекшелігінен дененің басқа бөліктеріне қарағанда мұрын ұшы мен табан және алақан мұздай болып тұрады. Сондықтан баланың мұрн ұшы қызарса жаурады деп орап тастаудың қажеті жоқ. Негізі балалар бар бөлмедегі қалыпты температура19–22 °С болу керек. Мұндай жағдайда балаға бас киім, аяғына шұлық кигізудің қажеті жоқ. Себебі баланың терісі тыныс алуы тиіс және аяқ пен қол ауамен белсенді байланыста болғаны жөн.
Ал баланы жылыту, денесін қыздыру оңай. Баланың ыстықтағанын тамағының асты мен қолтығының ылғалданғаннан және терісінің қызарғанынан білуге болады. Қалыпты температурада, яғни ыстықтамаған баланың терісі ақшыл қызыл (розовый) түсте болады. Егер сәбиде ыстықтау белгілері байқалса үстінен ең болмағанда бір қабат киімін шешу керек.
Шектен тыс қамқорлық
Қазір көптеген ата-аналар отбасының өмірі баланың айналасында болуы тиіс деп санайды. Яғни , баланы өбектеп өз-өзімен қалуына мүмкіндік бермейді. Барлық қаажеттіліктерін орындуға тырысады. Отбасының барлық мүшесінің назары тек балада болады. Әрине, балаларға ата-ананың, ересектердің көмегі, қамқорлығы және назары қажет-ақ, бірақ егер бәрі тек балаға көңіл аударса, онда ол өзімшіл болып өсуі мүмкін. Сондықтан отбасының қалыпты жағдайын бұзып, бар назарды балаға аударып кетуден абай болу керек.
Бала арқылы арманға қол жеткізу
Кейбір ата-аналар өздерінің қол жеткізе алмаған армандарын балаға таңуға тырысады. Мысалы, жас кезінде дәрігер, ұшқыш, әнші т.б болғысы келді, бірақкейбір жағдайларға байланысты бұл арманы орындалмады. Бала біздің жалғасымыз болғанымен оны тура өз жолымызбен немесе арманымыздағы қиялдағы мамандықты, жолды таңдауға мәжбүрлеуге болмайды. Әркімнің келешек өмір жолы жүре келе қалыптасады. Баланың өз арманы, өз қалауымен санаспай оның мүмкіндігін тұншықтырып аласыз. Нәәтижесінде қаламаған іспен айналысқан бала өз-өзіне сенімсіз немесе құлықсыз болады.
Ата-аналардың алдына қойылған міндеттерді әлемдегі ең күрделі мәселелердің бірі деп санауға болады. Егер әрбір ата-ана ұл-қызы үшін лайықты үлгі болғысы келсе және балаларын бақытты адам етіп өсіргісі келсе, онда оларды тәрбиелеуде қателіктерден аулақ болуға тырысуы қажет.
Дайындаған: Э.Базарбаева,