Өз ата-анасы ұрып тәрбиелеуіне рұқсат па?
Бала тәрбиесінде ата-ананың жазалау, ұру тәсілдерін қолдануы қалыпты саналып кеткендей. Түсінігімізде баланы өз әке-шешесінің ұрып-соғуына әбден болады. «Өз балам, өзім білем» және «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деген сөздермен ақтап аламыз бұл әрекетті. Осынымыз дұрыс па? Дұрыс болса, қаншалықты? Баланы қай кезде және кімдердің ұруына болады?
Соңғы уақыттары бөтеннің баласына көзін салып, қолын жүгірткендердің жантүршіктірерлік әрекеттерін жиі естіп жүрміз. Оларды жерден алып-жерге салуда алдымызға жан салмаймыз. Мұндай істі хайуандыққа балап, өзіміз болсақ баламызды кей кездері бір шапалақтап алмасақ, одан арыға бара алмайтынымызды айтып, жаға ұстаймыз. Шындығында, баласын ұратын ата-аналар өздерінің сол педофилден айырмасы аз екенін біле ме?
Жалпы, балаға қарсы заңбұзушылықтың, (зорлықтың деуге де болады) үш түрі болады.
- жыныстық зорлық-зомбылық
- физикалық зорлық-зомбылық
- эмоционалдық зорлық-зомбылық
Мұндағы жыныстық зорлықтың сипаты жалпыға аян.
Ал, физикалық зорлыққа баланың денесіне қандай да бір зақым келтіру жатады. Ата-анасы болсын, басқа адам болсын, ешкімнің де баланың денесін өз рұқсатынсыз түрткілеуге, соққылауға қақысы жоқ. «Мен көп ұрмаймын» немесе «ондай қатты ұрмаймын» дерсіз, бәлкім? Алайда:
- тым шектен шығып кеткенде құйрықтан шапалақпен салып қалу;
- сабақ оқытып отырғанда шыдай алмай қол жұмсап қою;
- анда-санда тәртіпке салу мақсатында, жазалау әдісі ретінде ұру –
сияқты біз аса мән бермейтін, ата-анаға рұқсат деп санайтын әрекеттердің ешқайсысы да, шын мәнінде, ақтауға келмейді. Барлығы бірдей баланың құқығын бұзу, тұлға ретінде таптау, тәніне зақым келтіру болып саналады.
Сондай-ақ, саусақ ұшын тигізбеген күнде де, баланың намысына тиетін, жүйкесіне салмақ салатын ауыр сөздерді айтатын ата-аналар да бар. Айтқанды тыңдамауда айқайлау, ұрсу – мұның бәрі де зорлықтың, қысым көрсетудің бір түрі.
Яғни, зорлықтың аталған үш түрінің бір-бірінен ешқандай айырмасы жоқ. Сәйкесінше, баласын жиі болсын, анда-санда болсын ұратын ата-ана мен сөзбен намысына тиіп, жанын ауыртатын жақынының педофилден айырмашылығы болмайды. Себебі, осы үш зорлықтың қайсысына тап келсе де, оны кім жасаса да, балада «мен ешкім емеспін, мені кімнің болмасын ұрып-соғуына, маған зәбір көрсетуіне болады» деген түсінік қалыптасады. Өзіне қатысты қандай әділетсіздік орын алса да, қорлық көрсе де, оны қалыпты деп қабылдайды.
«Кезінде бізді де әке-шешеміз ұрды, одан жаман болмадық, қайта тәртіпті, тәрбиелі болып өстік» деушілер міндетті түрде табылады. Бұл – сіздің қазіргі пікіріңіз. Яғни, есейген, өз жанын өзі емдеп алған ересек адамның пікірі. Алайда, бала кезіңізде ата-анаңыздың ұрғаны сіздің тәніңізді ғана емес, жаныңызды да ауыртқаны шындық. Олай болмаса, бұл естелік болып есіңізде қалмайтын еді. Баланы ұру – сіздің ата-анаңыздың сауатының аздығынан туғаны да ақиқат.
Біліңіз, бала – ешбір ата-ананың жекеменшік мүлкі емес. Ол отбасын біріктіріп ұстап тұруға тиіс тәсіл емес. Күйеуге не әйелге қарсы қолдануға болатын құрал емес. Көңіл-күй болмай тұрғанда «ашуды алатын тырна» емес. Ол – жеке тұлға. Сіз көшедегі бейтаныс адамға өз бетіңізше соқтығуға, тиісуге, ұруға, бір сөзбен айтқанда, құқығын бұзуға болмайтынын білесіз. Бала да дәл сол адам секілді құқықтары мен бостандықтары бар тұлға. Ата-ана оның соттаушысы не жазалаушысы емес, қорғаушысы болуға тиіс.
Балаңызды осы уақытқа дейін қанша рет, қандай дәрежеде ұрсаңыз да, өзіңізді түзетуге әлі де кеш емес. Баланы күшпен емес, ақыл мен білім көмегімен тәрбиелеуге тырысыңыз.
Дайындаған: Бек Керім,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Төркінге не «ТАСУҒА» болмайды?