ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ қарым-қатынасты САҚТАУЫ КЕРЕК ПЕ?

0
1 156

Оның арғы жағында жақсы қарым-қатынаст орнату деген үлкен шаруа жатыр.


ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ қарым-қатынасты САҚТАУЫ КЕРЕК ПЕ?

Адам қоғамсыз, ортасыз жеке дара өмір сүре алмайды. Кім үшін де бірінші кезектегі маңызды орта – отбасы. Сондықтан да отбасыңдағы қарым-қатынас жақсы болмаса, басқа жақта да ештеңе жақсы бола қоймайды.

Келісімге келіп, үйлену, неке қидыру, ерлі-зайыпты болу бір бөлек, мұнымен іс бітпейді. Оның арғы жағында жақсы қарым-қатынаст орнату деген үлкен шаруа жатыр. Қанша жерден ұлы махаббатпен бас қоссаңыздар да, отбасылық арақатынас өздігінен жақсы бола салмайды. Егер екі адам да жақсы бағытта өрбуіне үлес қоспаса, баптаусыз ағаш сияқты кедір-бұдыр, қисық-қыңыр болып шығады. Қисық-қыңыры сол, жақсымен қатар жаманы да көп, ауыр сөздер мен артық әрекеттер, қателіктер, негативті эмоциялар, жағымсыз естеліктер басым болады. Ең соңында екіге айрылу да әбден мүмкін. Мұндай жағдайларды үнемі алмасып келіп тратын өмірдің ағы мен қарасына балай салуға болмас. Ең дұрысы, қай жерден қате жібердік, қай кезде қарым-қатынас үшін еңбек етпей, жалқаулыққа, немқұрайдылыққа, сезімсіздікке салындық деп өзіңе сұрақ қойған абзал.

Ал ең абзалы, отбасын құрмай тұрып, жақсы қарым-қатынасты қалай орнату, сақтау керегін білу. Шаңырақ көтеріп қойсаңыз да, дәл бүгіннен бастасаңыз, ештеңе кеш болмайды.


Қарым-қатынасты сақтау үшін...

Өзіңізден бастаңыз

Мына сөздерді жадыңызда жаттап алыңыз: «Ешкім мінсіз емес, оның ішінде мен де. Басқа адамды өзгерте алмайсың, әркім тек өзін өзгерте алады». Осы қағидаларды өмірлік алтын ереже етіп бекітіп алсаңыз, көп қателіктен сақтайды. Әсіресе, отбасында. Себебі өмірлік серігіңді өзгертемін деп тырысу – бекершілік. Жай ғана жүйке жұқарту. Бірінші қадамды жасап, өзіңізді өзгертіп, қарым-қатынастағы үйлесімдікті қалай ұстап тұруға, сақтауға болатынын көрсетіңіз. Біраз шыдасаңыз, жолдасыңыздың да жақсы жаққа қарай өзгеруге тырысып жүргенін байқайсыз.


Әйелдік әлсіздікті сақтау

Әйелдің әлсіздігі күшінің аздығынан, дене бітімінің кішілігінен ғана көрініс таппайды. Ер-азаматтың алдында иілу, оған мойынсұну, шешіміне бағыну, керек жерде жеңілу – тек әйел баласына берілген ерекше нәзіктіктер. Отбасын сақтау үшін дәл осы қасиеттер қажет. Сондықтан әйел адамға ақылдылығын пайдалану, кері шегіне білу, ортақ шешім табу оңайға түсуге тиіс.


Диалог құра білу

Отбасын сақтап қалудағы маңызды мәселенің бірі – ашық қарым-қатынас. Әрине ашық болу керек деп ойға келгеннің бәрін айта салудың қажеті жоқ. Әр кезде сыпайылықпен, мейіріммен сөйлесуге тырысу керек. Егер көңіл-күйді біреу бұзатын болса, оны жолдасыңызға көрсетудің қажеті жоқ. Ең дұрысы сабырға келген кезіңізде, кейінірек сөйлескен дұрыс. Сонымен бірге екінші жартыңызды мұқият тыңдауға тырысыңыз. Егер бірнәрсе түсініксіз болса немесе реніш орын алса, түсіндіруге әрекет етіп көріңіз. Іштен тыну, мәселенің мән-жайын сұрап-білместен, өз ойымен үрлеп-үрлеп, үлкен жалын етіп алу көп әйелге тән. Сондай екенмін деп, соңына ере бермей, жолын кесу керек. Ашық диалог көптеген жайттарды айқын көрсетіп береді.


Міндеттерді бөлісу

Жолдасыңызбен ойласып алыңыз:

  • Сіздің ойыңызша оның міндеттеріне не кіреді?
  • Өз міндетіңізге не алғыңыз келеді?
  • Екеуіңіздің ойлағандарыңыз сәйкес келе ме?
  • Неге және қалай, қандай нәрселерге көнуіңіз мүмкін?
  • Қандай нәрсеерге мүлде келісе алмайсыз?

Қарама-қарсы отырып, осының бәрін талқылап, келісімге келіп алу керек. Дәл осыны неғұрлым ерте жасасаңыздар, соғұрлым көп мәселенің алдын ертерек алуға болады.


Отбасы әлемі – әр алуан. Жар, әке-ана атанып, өмірдің кереметін сезіну, рахаттанумен қатар қиындықсыз, мәселесіз де болмайды. Бәрі жақсы болуы үшін қанша күш салсаңыз да, сіз күтпеген, қаламаған нәрселер болып қалуы әбден мүмкін. Бастысы қандай жағдайда да сабырлылық танытып, қарым-қатынас үшін жақсы болатын қадамды таңдасаңыз қателеспейсіз.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Еркектер МЫНАНДАЙ ӘЙЕЛМЕН өмір сүргісі келеді