​ҮНСІЗДІК – әлсіздік емес, МЫҚТЫЛЫҚ

0
297


​ҮНСІЗДІК – әлсіздік емес, МЫҚТЫЛЫҚ

Кейде керек емес жерде бірдеңелерді айтып, жағдайды ушықтырып аламыз. Сол сәтте мықтылық көрсетіп, даналық танытып тілімізді тістей алсақ, бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді? Күнделікті өмірде үнсіздік – қорқақтықтың не жеңілудің емес, керісінше, сабыр мен парасаттың белгісі екенін ұғатын кездер аз емес.


1. Қызу дауда – сөзден бұрын сабыр керек

Екі адамның пікірі қайшы келген кезде эмоциялар шарпылып, дау туындайды. Мұндайда ашуға ерік беріп жауап қату – отқа май құйғанмен тең. Ал егер сәл ғана кідіріп, үндемей қалсаңыз, өзіңізге де, қарсы алдыңыздағы адамға да сабырмен ойлануға уақыт бересіз. Осы сәтте даудың оты өшуі мүмкін. Мұндай үнсіздік – ішкі жеңіс.

Психология не дейді? Адам эмоция үстінде қабылдаған шешіміне көп жағдайда өкініп жатады. Сондықтан тыныш қалу – эмоцияны бақылауға алудың алғашқы қадамы.


2. Сын айтылғанда – қарсы шықпай, тыңдай біл

Біреу сіздің кемшілігіңізді бетке айтты. Жауап қатқыңыз келеді. Ақталғыңыз да, түсіндіргіңіз де келеді. Бірақ дәл осы сәтте үнсіз тыңдау – өзіңізге деген құрмет пен сенімділіктің белгісі. Бұл сіздің ашық, өсуге дайын адам екеніңізді көрсетеді.

Мысал: Мұғалім не басшы сіздің жұмысыңыздағы қателікті сынап тұр. Үнсіз тыңдап, сабырмен жауап берсеңіз, олар сізге құрметпен қарай бастайды. Ал қарсыласып кетсеңіз – сіздің эмоцияңыз ғана есте қалады.


3. Мақтау естігенде – қосылып көпіре кетпе

Мақтау – бұл мінездің нәзік сынағы, эгоны сынайтын ерекше құрал. Марк Аврелий мақтауды желге теңеген – ол сіздің желкеніңізді көтеруі мүмкін, бірақ егер ұстамды болмай, желдің ауанына ерсеңіз, кемеңізді төңкеріп те жібереді.

Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, комплиментке шамадан тыс реакция – адамның ішкі сенімсіздігінің айғағы. Ал мақтауды сабырмен қабылдайтын адамдарда өзін-өзі бағалау тұрақты әрі шынайы болады.

Бұл жағдайда үнсіздік – әсерлі мәлімдеме. Сіздің әрекеттеріңіз сөзден артық сөйлейді.

Мақтауға қысқа, қарапайым әрі сыпайы жауап беру – адамдардың алдында абыройыңызды арттырады. Шынайы, қысқа алғыс жеткілікті.


4. Жақының ренжісе жай ғана тыңда

Кейде жақын адамымыз ренжіп, ренішін айтып жатқанда біз оны түсінбей, ақтала бастаймыз. Бұл одан сайын жаралайды. Ал егер жай ғана тыңдап, жанына жақын болсақ, ол өзін түсінілгендей сезінеді.

Психологиялық тұрғыда: Мұндай үнсіздік – эмоционалды қолдаудың жоғары формасы. Адам өзін тыңдағанын сезсе, жарасы жеңілдеп, қарым-қатынас бекемделеді.


5. Білмейтін нәрсе жайлы сөйлемеген жөн

Әсіресе көпшілік ортада не әлеуметтік желіде білмейтін, анық емес ақпаратты жай айтып қалу – кейде үлкен мәселеге әкелуі мүмкін. Ал үнсіз қалу – бұл жауапкершілік пен парасаттылықтың көрінісі.


6. Қарсыласың өз-өзін әшкерелеп жатқанда...

Кейбір адамдар өз сөздерімен өздерін әшкерелеп қояды. Егер сіз үндемей тыңдасаңыз, олардың шын бейнесі өзгелерге анық көрінеді. Мұндайда қарсы шығудың қажеті жоқ – үнсіздік бәрін өз орнына қояды.


7. Ашу қысса – тіліңді тісте

Елестетіңізші, ашуға булығып, қаныңыз бұрқ-сарқ қайнап кетті. Осы сәтте ағылып келіп, ақтарылғалы жатқан ауыр сөздерге тосқауыл қою үшін қандай алапат күш керек?! Бойыңыздан осындай күш табылса, сіз мықты болмағанда, кім мықты?

Марк Аврелии айтқан: «Ашу – бұл аз уақыттық ессіздік». Ендеше, ессіздікке жол бергенде аузыңыздан шыққан сөздер сізге жақсылық әкеледі деп ойлайсыз ба? Ғайыптан тайып болмаса, көп жағдайда керісінше, басыңызға бәле шақырады.

Психологиялық тұжырым: адам ашуға булыққанда мидың ортаңғы бөлігіндегі бадамша пішінді дене уақытша пайым-парасаттан айрылатыны зерттеулермен дәлелденген. Бірнеше минуттық үнсіздіктің ағзадағы стресс гормондарының деңгейін төмендететіні де – ғылыми қорытынды.

8. Арандатуға тырысқандармен «шахмат ойна»

Біреу сізді әдейі ашуландырып, ашуыңызды тудырғысы келген сәттер бола ма? Арандатуға жауап қатпау – бұл әлсіздік емес, ішкі күш пен өзін-өзі ұстаудың белгісі.

Зерттеулер көрсеткендей, арандатуға жауап беру кезінде миымыздың ауырсынуға жауап беретін бөліктері белсендіріледі. Яғни, біз шын мәнінде азап шегеміз, өйткені эмоцияға беріліп кетеміз. Бұны шахмат ойыны деп елестетіңіз – қарсыласыңыз сізден негативті эмоциялық әрекет күтеді. Ал сіздің үнсіздігіңіз – күтпеген жүріс болып, оның жоспарын бұзады.

Қызығы, арандатуға сабырмен қарау серотониннің (бақыт гормоны) бөлінуіне әкеледі екен. Басқаша айтқанда, әрекет еткіңіз келгенімен, үнсіз қалу – көңіл-күйіңізді жақсартады. Ендеше, арандатушыға қарсы сөз айтпай, жай ғана бақытты жүзбен күлімсіреп қараңыз.


9. Жеңіс сәтінде жым-жырт бол

Үлкен мақсатқа жеткенде, оны жария еткіміз келеді. Бірақ заманауи психология бұған сабырмен қарауға кеңес береді. Жетістік туралы ерте айту – мотивацияны төмендетіп, қызғаныш тудыруы мүмкін. Үнсіз қалу – алдағы мақсаттарға шоғырлануға көмектеседі. Ұлы жетістіктер көп жағдайда тыныш жасалады. Шынайы табыс – дәлелдеуді қажет етпейтін жетістік.


10. Біреудің қатесін айтуға асықпа

Басқаның қатесін көріп, «Мен айтқанмын» деуге асығамыз. Алайда бұл адамның қорғанысын арттырып, үйрену процесін тежейді. Мақтау мен сенімге толы орта – дамуға қолайлы жағдай. Кейде үнсіздік – ең мықты қолдау. Қате жасаған жанға өз шешімін табуға мүмкіндік беру – шынайы дамуға жол ашады.


11. Маңызды шешім қабылдарда үнсіз қал

Марк Аврелий: «Асықпай асық» деген. Тыныштықта ми тиімді жұмыс істейді, мәліметтерді талдап, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Шулы ортада – қате шешімдер көп. Сондықтан маңызды таңдаудың алдында аз уақыт болса да үнсіздікке бет бұру – ақылды шешімнің кепілі.


12. Бойыңды қызғаныш билесе – білдірме, үндеме

Басқа біреудің жетістігін көріп, өзімізде соның жоқтығын сезіну – жанды іштен жейтін у. Ғалымдар қызғаныш кезінде миымыз физикалық ауырсынуға ұқсас күй кешетінін анықтаған. Ол күй – тек қана психологиялық емес, шынайы стресс пен шаршауға әкеледі.

Осындай сәттерде сөйлеудің орнына үнсіз қалған пайдалы. Себебі үнсіздік миымыздың назарын өзгеден өзімізге бұрып, ішкі өсуге жол ашады. Қызғанышты білдіру оны күшейтеді, ал үнсіздік – оны жеңуге көмектеседі. Бұл эмоцияны бақылап, ішкі мотивацияға айналдыру – табысқа бастар жол.

Бойда қызғаныш пайда болғанда эмоцияны сөзбен шығарудың орнына, терең тыныс алып, ойларыңызды бақылап көріңіз.


Қызықты дерек – үнемі сабырмен үнсіз қалатын адамдарда күйзеліс деңгейі төмен әрі кәсіби жетістіктері жоғары болады екен. Неліктен? Олар бос жанжалдарға күш-қуат, уақыт жұмсамайды. Марк Аврелий арандатуды удай жебелерге теңеген – егер сен оларды санаңа кіргізбесең, олар дәрменсіз болып қалады. Қазіргі психология мұны растап, арандатуды елемеу мидың төзімділікке бейімделуіне көмектесетінін дәлелдейді.


Қандай да бір жағдайларға қатысты раекцияларыңа ерік бермей, үнсіздікке бас ұру – эмоцияны құнсыздандыру не басып-жаншу емес, оны дұрыс бағытқа бұру боп саналады. Мұны айналадағы адамдармен ұрыс-айқас емес, іштей өзіңіздің нашар версияңызбен саналы шайқас деп қабылдаңыз. Реакцияларыңыз бен эмоцияларыңызды сізді өсіретін, жақсы жаққа өзгертетін, оң нәтижеге жетелейтін арнада қолдануыңыз.

Үнсіздік – әлсіздік не жеңіліс емес. Бұл – терең ойдың, шыңдалған сабырдың, шынайы күштің көрінісі. Әр нәрсенің өз орны бар демекші, дұрыс жерде тауып айтылған сөз қандай құдыретті болса, дер кезінде сақталған үнсіздік те соншалықты құнды.

Сіз қандай жағдайда үнсіз қалған едіңіз – бұл шешіміңіз дұрыс болды ма? Бұл – әркімнің өз тәжірибесі арқылы ғана түсінетін өмірлік даналық.

Дайындаған: Айгерім Бектұрғанова,

ERNUR.KZ