Мысыр елінде еңбек еткен инсвесторлар енді жаңа жобаны Түркістан облысында жүзеге асырады.
Сахараны гүлдендіріп, түрлендірген АҚШ инвесторларының Арысқа назары ауды. Олар Арыста жаңбырлатып суару әдісімен өнім егіп, мал шаруашылығы саласын дамытпақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мысыр елінде еңбек еткен инсвесторлар енді жаңа жобаны Түркістан облысында жүзеге асырады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған жобаны қолдап, оның барлық аудандар үшін үлгі боларына сенім білдірді. Өндіріс алқабы күн қуатын пайдалануды көздейді. Жаңа жоба Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің 2019 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстарының есебінде таныстырылды.
Арыста орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою мен қаланы қалпына келтіруде ұлан-ғайыр істер атқарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арыс қаласын толық қалпына келтіру туралы тапсырмасына сәйкес, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы 66 әлеуметтік нысандар қалпына келтірілді. Оның ішінде 4 нысан жаңадан салынып, 62 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Орталық алаң, орталық стадион, Батырлар аллеясы мен «Арыс-1» теміржол вокзалына қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді.
7154 үй жөнделіп, 500-ге жуығы жаңадан салынды. Демеушілер қорынан 100 отбасыға арналған жаңа үйлер бой көтерді. Кәсіпкерлік нысандарды қалпына келтіру бойынша 480 зардап шеккен кәсіпкерлік нысан иелеріне өтемақы беріліп, толығымен қалпына келтірілді. Сонымен бірге, 63 көшеде жөндеу жұмыстары толық аяқталды, орталық қазандық, кәріз жүйесі де жөндеуден өтті. Осылайша тұтас бір қала қайта жанданды.
«Қамқор» бағдарламасы аясында 1% мөлшерде 63 кәсіпкерге 195 млн. теңге несие берілген. 62000 тұрғынға 6 млрд. 200 млн. теңге материалдық көмек ретінде қаржы төленді.
Қаланың «Көктем-2» тұрғын ауданында 36 пәтерлік №4,5,6 тұрғын үйлердің құрылысы және аумағын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталған. Осы ауданнан тағы да 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Нәтижесінде биыл 228 отбасы баспаналы болады. «Нұрлы Жер» тұрғын үй бағдарламасымен 60 пәтерлі 5 қабатты 3 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін қажетті қаржыға сұраныс берілген.