Дархан Сатыбалды Түркістандағы тұрғын үйлердің сапасын тексерді

0
836

Түркістанда 71 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.


Дархан Сатыбалды Түркістандағы тұрғын үйлердің сапасын тексерді

Облыс әкімі Түркістандағы тұрғын үйлердің сапасын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында биыл жалпы көлемі 866 мың шаршы метрден асатын 71 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде облыс орталығындағы 7 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Биыл 3 557 пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа баспаналар мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік несиемен және үй кезегінде тұрған азаматтарға арендалық негізде беріледі.


Құрылыс сапасы – басты назарда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жауапты мердігерлермен кездесті. Құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес аяқталуын қатаң қадағалауды міндеттеді. Талапқа бағынбағандарға шара қолданылады.


Жаңа тұрғын үйлерді өз көзімен көріп, пысықтаған облыс басшысы құрылыс компанияларының басшыларына құрылысты тиісті мерзімінде аяқтауды ескертіп, инфрақұрылымдық жүйенің тұтынуға сақадай сай болуы тиіс екенін айтып, жұмысшылар санын арттыруды тапсырды.


«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысында 128 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. 2022 жылдың қорытындысымен пайдалануға 57 тұрғын үй берілді. Құрылысы аяқталған үйлердегі 3473 пәтердің 753-і жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларына арналған арендалық пәтерлер ретінде тапсырылды. 2720 пәтерді түркістандықтар әлеуметтік кредиттік жүйемен алған.