"Канал - Қызыл Бархан" операциясымен 9 тонна есірткі тәркіленді

0
1 753

Есірткімен күрес барысында аталған шараға қатысқан елдер аумағында заңсыз айналымдағы 9 тонна есірткі, оның ішінде 5 тонна апин, 38 келі героин, 2 тонна синтетикалық есірткі, 800 келі гашиш және 830 келі марихуана тәркіленді.


Бүгін Шымкентте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы бөлімшелерінің, сонымен қатар Иран және Қытайдың сала жауаптыларының қатысуымен халықаралық есірткіге қарсы «Канал – Қызыл Бархан» операциясы аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған операцияға ҰҚШҰ қатысушы елдердің есірткіге қарсы қызметтерінің 22 мыңнан аса қызметкері қатысты. Олардың жедел іс-әрекеттері Шымкент қаласында құрылған Халықаралық үйлестіру штабында жүзеге асырылды.

Осы реткі шараға Еуропалық одақ, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Қылмыстық кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі Еуразиялық топ, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі Өңірлік басқарма, ОАӨАҮО халықаралық ұйымдарының өкілдері бақылаушылық жасады.

«Канал – Қызыл Бархан» операциясының негізгі міндеті апиынның контрабанды арналарының жолын кесу, трансұлттық есірткі топтарының қызметін, есірткі кірістерін заңдастырудың алдын алу, заңсыз айналымнан қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды тәркілеу болып табылады.

Есірткімен күрес барысында аталған шараға қатысқан елдер аумағында заңсыз айналымдағы 9 тонна есірткі, оның ішінде 5 тонна апин, 38 келі героин, 2 тонна синтетикалық есірткі, 800 келі гашиш және 830 келі марихуана тәркіленді.

Әрі заңсыз пайдаланылған 115 бірлік қару-жарақ, 2,5 мыңға жуық оқ-дәрі, 127 мың АҚШ доллар болатын бағалы заттар жиналды.

Арнайы әскерилердің қатысуымен өткен операция барысында 719 есірткі қылмысы ашылып, 7 мыңға тарта қылмыстық іс қозғалды. 500 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл реткі операция барысында Қызылорда облысында өсірілген қарасора мен Жамбылдың Шу алқабында жабайы өсетін қарасораны заңсыз саудалауға жол берілмеді.

Сондай-ақ, жедел іс-шараға 4 «Тигр» брондалған автокөліктер, 6 бірлік «Багги» сыныпты, 15-тен астам мүмкіндігі жоғары автокөліктер, МИ-171Е тікұшағы іске қосылған.

Арнайы операция шеңберіндеІІМ «Дельта-Долина» бөлімшесінің аумағында Қазақстан мен Қырғызстан ІІМ кинологиялық қызметтерінің бірлескен жаттығуы, қызметтік іздестіру иттерінің көрнекі өнері көрсетілді.