«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінің қор сақтау және есепке алу бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазағымның қазынасы - Домбыра» атты фото көрме және мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен белгіленген «Ұлттық Домбыра күні» қоғамда ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту мақсатында тойланатын мерекеге арналған шарада ұлттық аспаптың шығу тарихынан бастап қазақтың алты алашқа аттары мәлім болған өнер иелерінің өмірі мен өнерінен сыр шертетін фото көрме қойылып, таныстырылды.
«Балауса» жасөспірімдерді сауықтыру орталығында өткен жиында Бүркітбай Ақсұңқар сынды өнерлі жастар терме орындаса, «Болашақ» тобы «Домбыраның құдіреті» атты көрініс көрсетcе, музей қызметкерлері Дина Әділбаева, Ердос Қоныс, Ибрагим Мақсат, Ақнұр Бименовалар отбасымен бірге ән, терме күй орындап, өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттырып жүрген ұстаз Жұман Бексұлтан мен Бекназар Оңдасын күй-тартыс өнерінен шеберліктерін көрсетті.
«Домбыра ұлттың тарихында қарапайым халықтың қуанышы мен қайғы - қасіретін тең бөлісіп, қазақтың басын торлаған ауыр кезеңдерінде жұбаныш бола білген, жазу - сызу мен қазақтың қаламы мен сахнасының қызметін тең атқарған ұлы аспап. Қазақтың тарихы мен табиғаты күй болып төгілетін күй өнері, домбыраны қолға алып күміс көмей әншілеріміз ән салғанда сайын даланы жаңғыртқан домбыра үні ұлтымыздың рухани құндылығы.
Қос ішектің күмбірімен шанағынан сыр ақтарған домбыраның шығу тарихы мен сырт көзге көріне бермейтін мәні зор домбырадан қалыптасқан тәрбие үлгісі адамның ой ұшқырлығын шыңдауға, ата бабадан кәсіп болған дәстүрді дамытуға, өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудыратыны анық. Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты да ұлттық дәстүр сабақтастығын кеңінен насихаттауға негізделген. Қорық - музейіміздің қорындағы жәдігерлерді де дәріптей отырып, құрмет тұтуға баулу», - деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Нұржамал Әшірбаева.