Облыс әкімі құрылыстың сапасы қатаң бақылауда екенін ескертті.
Түркістан қаласындағы «Керуен сарайдың» құрылысы қыркүйек айында аяқталады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы бірнеше құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысып шықты.
Соның бірі Түркістан қаласының ажарын арттырып, ерекше кейіпке еніп келе жатқан «Парасат» саябағы. Мұнда қайта жаңарту жұмыстары аясында жасанды көл мен көпірлер салынып, 420 метрлік тасарық келесі айдың соңында толығымен аяқталмақ. Нәтижесінде саябақ сумен қамтылып, ол қайтадан «Арыс-Түркістан» каналына жіберіледі. Ал Түркістан-Кентау бағытындағы жолдың екі шетіндегі тасарықтың бір бөлігі «Парасат» саябағын сумен қамтыса, екінші бөлігі жол бойындағы жасыл желекті суғарады.
Сонымен қатар, өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы Түркістанның брендіне айналатын негізгі жобалардың бірі – «Керуен сарайдың» құрылыс аумағында болды. Мердігер мекеме – «Sembol contruction». Бұл нысанның құрылысы биыл қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айта кетсек, облыс әкімі жаңа құрылыс нысандарын аралау барысында тиісті басқарма басшыларына абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын бекітілген кестеге сай аяқтауды тапсырып, құрылыстың сапасы қатаң бақылауда екенін ескертті.