Қол күрес спортында әлемге «Кобра» деген лақап атпен танымал Эндрю Родос Шардара ауданының әкімімен кездесті.
АҚШ армрестлинг федерациясының Президенті, қол күресінен 11 дүркін әлем чемпионы, жалпақ елге «Кобра» деген лақап атпен танымал болған Эндрю Родос пен Малайзия мемлекетінің армрестлинг федерациясының Президенті, халықаралық дәрежедегі төреші Зил Файзли Шардара ауданына келіп, өңір спортының тыныс-тіршілігімен танысты деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қонақтарды аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың өзі қабылдап, сый-сияпат жасады.
«Бүгін Шардара топырағында айтулы оқиға болып жатыр деп есептеймін. Біздің ауданның армрестлинг спорты бойынша қол жеткізіп келе жатқан жетістіктерімен танысу үшін АҚШ пен Малайзиядан келіп отырған Эндрю Родос пен Зил Файзли мырзаларға зор алғысымды білдіремін. Шардара ауданында бұл спорттың қанат жайып, өркендеуіне Арман Қарсыбаев есімді даңқты спортшымыздың қосқаны үлесі шексіз»,- деді аудан басшысы.
Бүгінде әлемдік аренада қол күресінен шардаралық спортшылардың беделі жоғары екендігін жеткізген 55 жастағы Эндрю Родос (Кобра) аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы, әйгілі спортшы Шынболат Райхановпен бұдан бірнеше жыл бұрын қол күрестіріп, қалай жеңілгенін айтып берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта АҚШ пен Шардара спортшылары арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнату жолында жұмыс жасау ниетін білдірді.
Аудан әкімінің айтуынша, аймақта 2001-жылы негізі қаланған спорттың аталмыш түрінен күні бүгінге дейін 34 шардаралық Әлем чемпионы, 26 спортшы Әлем кубогының жеңімпазы шыққан. Сондай-ақ, 114 спортшы Азия чемпионы атағын иеленген. Олардың ізін басар тағы 800 жасөспірім тұрақты түрде армрестлинг спортымен шұғылданып келеді. Кездесу соңынан аудан әкімі Болатбек Қыстауов шетелдік спортшыларға қазақы шапан жауып, естелік сыйлықтар тарту етті.