Бүгінде эвакуацияланған мақтааралдықтардың алғашқы легі қаражатының сертификатын алды.
Тасқыннан зардап шеккен мақтааралдықтарға Әлішер Усмановтың қорынан бөлінген қаражат беріле бастады. Төтенше жағдай кезінде эвакуацияланған 5202 отбасының жеке шотына 1 мың АҚШ долларынан аударылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Онда эвакуацияланған мақтааралдықтардың алғашқы легі Әлішер Усмановтың қорынан бөлінген қор қаражатының сертификатын алды.
Бұл қаражат эвакуацияланған 5202 отбасының жеке шотына түседі. Қазіргі уақытта қаражат алатын барлық азаматтардың құжаттары қабылданып жатыр. Құжаттар толық жиналған кезде, әр отбасы өздеріне тиесілі қаржыны ала алады.
Ресей кәсіпкері Әлішер Усманов су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының эвакуацияланған тұрғындары үшін «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына 5,2 млн. АҚШ долларын аударған болатын. Бұл 2,3 млрд теңге 30 420 адамды құрайтын 5202 отбасының әрқайсына 422 мың теңгеден (1000 АҚШ доллары) үлестіріледі.