Өмірзақ Шөкеев арыстық кәсіпкерлермен кездесті

0
920

Жиында арыстық бизнесті қолдауға қатысты атқарылатын жұмыстардың жоспары айтылды.


Өмірзақ Шөкеев арыстық кәсіпкерлермен кездесті

Арыста облыс басшылығымен өткен кездесуде жергілікті кәсіпкерлерге жеңілдікпен берілетін несиелер туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-шараға қатысқан арыстық кәсіпкерлердің сұрақтарына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімнің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров жауап берді.

Жиналған кәсіпкерлер бизнеске қатысты сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды. Осы бағытта арыстық бизнесті қолдауға қатысты жақын арада атқарылатын жұмыс жоспары жайында ақпарат берілді.

«Арыс қаласын қалпына келтіру, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында үкіметтен 10 кешенді шара белгіленді. Соның ішінде 3 қолдау шарасы Арыс қаласының кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Атап өтейік, Арыс қаласында тіркелген 346 кәсіпкерлік нысан бар, соның ішінде 258 кәсіпкерлік нысаннемесе 78% төтенше жағдай салдарынан зақымданған. Қазіргі таңда 253 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстарын, ал 5 нысанды қайтадан құру жұмысын жүргізу қажет.

Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына ірі бизнес өкілдері қолдау көрсететінін, сондай-ақ бұл жұмыс ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жетекшілік етуімен жүргізілетінін атап өтті.

«Кәсіпкерлермен жұмыс істеу, келтірілген зардаптың ауқымын анықтау, қаражат бөлу жұмыстары қолға алынуда. Апат орын алған соң Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа Палатаның 25 қызметкері жұмысқа кірісіп кетті. Жергілікті бизнеске келтірілген зардап тіркелген. Ендігі кезекте нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін атқарушы органдар тиісті бағалау жұмыстарын жүргізеді, ал кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бизнестің құқығын қорғау мақсатында бақылаушы қызметін атқаратын болады. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін,зақымданған объектілерді мүмкіндігінше 1 ай ішінде қалпына келтіру жоспарлануда», – деді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров.

Осы мақсатта Өңірлік кәсіпкерлер палатасы үй-үйді аралап, кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізеді. Келтірілген шығын бағаланып, сметасы шығарылады. Кейін кәсіпорын иесі бағалау нәтижесімен танысып, қол қояды. Ары қарай қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

Спикердің айтуынша, қаражат бөлу екі механизм бойынша жүргізіледі. Бірінші механизмде аз көлемде шығыны бар компанияларға келісіммен кәсіпкерлік нысанды тез іске қосу мақсатында кәсіпорын иесінің шотына (1-2млн теңге шамасында) қаражат аударылады. Ал екінші механизм бойынша үлкен көлемде шығыны бар кәсіпкерлерге қаражат палата-кәсіпорын-құрылыс компаниясы (жөндеу жұмыстарын жүргізеді) арасында үшжақты келісім жасалып, жүзеге асыралады.

Кәсіпорындарды қалпына келтіру мәселесі қызу талқыланды. Кәсіпкерлер өз мәселелеріне қатысты мұң-мұқтаждарын айтып, сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды.