Әлеуметтік желі белсендісі өзі шүйліккен қала әкімінің жұмысын 2-ге бағалады.
Заңгер Айгүл Орынбек өзінің "фэйсбук" парақшасында Арыс қаласы әкімінің жұмысын төмен бағалап, қызметінен кетуге кеңес берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қоғам белсендісінің бұлай деуіне Арыс қаласында атаулы әлеуметтік көмек төңірегінде туындаған мәселе себеп болған.
"Арыс қаласында 21 мың теңге үшін кезек күтіп тұрған аналарға ақша бермей жатыр " дейді, бұл ақпарат рас па? "Аналар таңғы жетіден жиналған, бірақ есепшоттарына ақша аударылмаған. Себебі мамандар аналардың ИИН қате терген дейді ақпарат беруші азаматша. Жергілікті атқарушы биліктің осалдығынан, сауатсыздығынан халық жапа шегеді. Халық билікті қарғап-сілейді, себебі жергілікті әкім қаралар қол астындағы бес алты адамды басқара алмайды! Технологиясы дамыған заман, цифрлы Қазақстан! Бас Прокуратура көшеге бос плакат ұстап шыққандарды ғана емес, халықты осылай көшеге шығарып сандалтып қойған шенеуніктерге де қылмыстық іс қозғасын", - деп, өзінің әлеуметтік парақшасында жазған болатын.
Артынша Айгүл Орынбек ақпараттың растығын анықтау барысында қысым көргенін жазыпты.
"Өздері жұмыс істей алмайды, ақпараттың растығын сұрасаң, өзіңе келіп қысым жасайды!
Арыс қаласында 21 мың теңге алу үшін қиналған аналардың видеосын салғаным, біреулер үшін ауыр тиді-ау!
Әсіресе жұмыс істей алмайтын жергілікті атқарушы билікке қатты соққы болған көрінеді. "Постыңды алып таста, сені оқитын адам көп" деп жан жақтан қысым жасауда!
Біздің шенеуніктердің жұмыс істей алмайтындығының тағы бір көрінісі!
Қорқыту, үркіту, ата-бабаңды қазу, шыққан жеріңді айту!
Сонда шырылдап жатқан халықтың үні жоғары жаққа жетпеу керек!
Бұларға салсаң қара халық кінәлі! Халық сауатсыз, халық жабайы, халық тәртіпке бағынбайды!
Ия, Аллаға шүкір әйел өлмепті тірі екен, сол аналарды солай сандалтып қоюға кім рұқсат берді?!
Цифрлы дамыған Қазақстан әйелдердің көбісі өз есеп шотына ақша түскенін, түспегенін білмейді. Кейбірінің тіпті ИИН қате теріліп, ақшалары басқа адамға аударылып кеткен. Проблема жоқ емес бар! Сол проблеманы көтеріп отырған біз сияқты белсенділердің аузын жапқанша, жұмыс істеп халықтың жағдайын жасаңдар!
Менің аузымды жапқан мен халықтың аузын жаба алмайсыңдар!
Ал Арыс қаласының әкіміне "2" деген баға берем! Жұмыс істей алмайсыз ба? Орныңызды босатыңыз, әркімді маған қарай жұмсай бермей!
Маған шағым келіп түсті ме, мен де өз тарапымнан реакция көрсетуім керек", - деп жазады ол.