ТҮРКІСТАН: ​2020 жылдан бастап медициналық көмек көрсету өзгереді

0
1 355

Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына еліміз бойынша 186,2 млрд теңге көлемінде жарна аударылған. Жинақталған жарнаның 5,7 пайызы Түркістан облысының үлесіне кіреді. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталып, 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ.

ТҮРКІСТАН: ​2020 жылдан бастап медициналық көмек көрсету өзгереді

Елімізде 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастайды – деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) болса, екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті.
Бұл туралы бүгін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев айтып өтті.
Барлық азаматтар пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді.
Ал, екінші міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті де келесі жылдан бастап іске қосылады. Бұл консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, кепілдендірілген тегін медициналық көмек енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ.