«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтті.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен бильярд ойынынан ардагерлер арасында жарыс өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аға толқынның өшпес ерлігімен келген Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен бильярд ойынынан ардагерлер арасында жарыс өткізілді. «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы шеңберінде өткен тағлымды басқосуға өңірімізге белгілі қоғам қайраткерлері, мемлекетке еңбегі сіңген азаматтар, құқық қорғау органдарында көп жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған аға буын өкілдері, еңбегімен елге сыйлы азаматтар, партия ардагерлері қатысты.
Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясы асқақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіқадіров Әскер, ұлағатты ұстаз Жарқынбек Құлбайымбетов және тағы да басқа есімі облысымызға белгілі абыройлы азаматтар қатысқан іс-шара аға буын өкілдерінің тағлымды жүздесуіне айналды. Жарыс жолына түскен ардагерлерге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев ізгі ниетін білдіріп, жеңімпаздар тұғырынан көрінулеріне ақ тілегін жеткізді.
«Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне айналған «AMANAT» партиясы, халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізетіні белгілі. Оның ішіндеаға буынның еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі орасан деп біліп, ардагерлерге қадір-құрмет көрсетуде, оларды қамқорлыққа алып, қолдау білдіруде «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасын іске асырып келеміз. Осы жоба шеңберіндегі бүгінгі жарысты Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап отырмыз. Өйткені, Ұлы Жеңіс мейрамы – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, өткен мен бүгінді байланыстыратын ұлы мереке. Бізден алдыңғы буынныңжанқиярлық еңбегі мен ерлігі, Отанға деген адалдық қасиеті – халқымыздың мәңгілік мирасы саналады және ұрпақтар жадында мәңгі сақталады. Елдің дамуына қосқан Сіздердің де еңбектеріңіз көп деп білеміз. Жасы үлкенге құрмет, кішіге – ізет сынды ұлттық қасиетімізден басталатын тәрбиелік тағлымы мол іс-шараларды «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да жүйелі жалғастыра беретін болады», - деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Интеллектуалдар ойыны саналатын бильярдан жарысқа барлығы 32 адам қатысты. Жарысқа қатысушылардың ортақ шешімімен ойындардың барлық кезеңіне Исабеков Әнуарбек ақсақал төрелік етті. Жеребе нәтижесімен өзара сайысқа түсетін 8 топтың ойыншылары белгілі болып, бірінші кезеңдегі ойындар басталып кетті. Екі айналым қорытындысымен лузаға ең көп шар түсірген қатысушылар іріктеліп шығып, екінші кезеңдегі ойындар 4 топ арасында жүрді. Үшінші кезеңде екі ойыншы – үшінші орын үшін бақ сынаса, төртінші кезеңде – финал ойындары өтіп, төрттіктің ішінен суырылып алға шыққан екі ойыншы жарыс жеңімпазы болу үшін талас жүргізді.
Ойындар барысында әрбір қатысушы жеңіске деген табандылығын көрсетті, қарсыластың әлсіз тұсын анықтауда, оның келесі қадамын дөп басып табуға талпынды. Ойын стратегиясын ұстану қабілеттерін шыңдай түсті, ойындағы әрбір қимылды алдын ала болжап білуге ұмтылды. Ойыншылар парасатты ақыл, қимылдарды дәл үйлестіру, дәл көздеу, соққының қуатын бақылауда ұстау, сондай-ақ физика мен геометрия заңдарын білу сияқты жеке-дара қасиеттерін, өмірлік тәжірибелерін көрсетті.
Партияның ұйытқы болуымен өткізілген жарысқа ардагерлер жоғары бағасын берді.
«Аға толқынның еңбек тәжірибесі – өмір мектебі. Заманы соғыс жылдарына тап келген буынның жанқиярлық ерлігі мен қайсарлығын ұрпақ жадында мәңгі сақтауымыз керек деп білеміз. Ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғап, ардагерлердің басын қосып, бүгінгідей сайыс өткізіп отырған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалына, оның төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевке ардагерлеріміздің атынан ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз», - деді ішкі істер органдарының ардагері Сұлтан Тұрғанбаев.
Сонымен, жарыс жолының қорытындысымен ІІІ орынға Дәулеткерей Оспанов табан тіресе, ІІ орынды Әнуарбек Исабеков жеңіп алды. Ал ақтық сайыста ең көп ұпай жинаған Ғайбулла Шораев жарыс жеңімпазы деп танылды. Ойынға қатысушылардың ортақ шешімімен Қазыбек Тәжиевтің есімі жарыстың үздік ойыншысы ретінде аталды.
Жүлделі орындарға лайықтылар анықталғанымен, ойындарға қатысқан ардагерлердің бір ауыз шешімімен барлық қатысушылар жеңімпаз деп танылатыны туралы жария етілді. Бүгінгі жарысқа қатысып, ойынның барлық кезеңдеріне жанкүйер болған, жарыс жолына түсіп, заманы бір құрдастарымен арқа-жарқа күй кешкен барлық ардагерлерге партияның облыстық филиалы мен Түркістан қалалық партия филиалының атынан естелік кәдесыйлар табысталды.