Дәрілік заттар және арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 2,1 млрд. теңге бөлінген.
Түркістан облысындағы медициналық мекемелер дәрі-дәрмек қорымен толық қамтылған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық мақсатында Түркістан облысындағы барлық медициналық мекемелерде 2 айлық дәрі-дәрмек қоры сақтаулы. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, Түркістан облысындағы медициналық ұйымдарды дәрілік заттар және арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 2,1 млрд. теңге бөлінген.
«Облыста 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылды. Коронавирустық инфекциясының әртүрлі сценарийіне байланысты инфекциялық төсек-орындар санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, дезинфекциялық ертінділер сатып алынды. Оның 70%-ы медициналық мекемелерде, қалған 30%-ын облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасында қор ретінде сақталуда», - деді Нұрхан Мадәліқызы.
Баспасөз мәслихатында облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Алдарқұл Ахметов өңір тұрғындарына алдағы мерекелік демалыс күндерде де сақтық шараларын сақтауға шақырды. Ол эпидемиологиялық ахуал бойынша Түркістан облысы «жасыл аймаққа» енгізілген деп босаңсуға болмайтындығын ескертті.
Қазіргі таңда облыстағы медициналық мекемелердегі өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 178-ден 345-ге дейін артқан. Қосымша 4 оттегі станциясы орнатылып, станция саны 8-ге жетті. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынған. Бұдан бөлек, оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, оттегі нүктелерінің саны 205-тен 2905-ке дейін ұлғайған.