ТҮРКІСТАН: Бір күнде 80 жігіт әскерге аттанды

0
1 226

Күзгі әскерге шақыру науқаны жүргізіліп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Бір күнде 80 жігіт әскерге аттанды

Түркістан облысында бір күнде 80 азамат әскер қатарына аттанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінгі таңда елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүргізіліп жатыр. Осы ретте, Кентау қаласының орталық алаңында әскерге шақырылушыларды мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шара аясында облыстан 50 азамат Астана қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасына және 30 жігіт мемлекеттік күзет қызметіне аттанды.


Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, облыс және Кентау қаласы әкімдіктерінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері, «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары кеңесінің өкілі, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты.


Өз кезегінде, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жастарға сәттілік тілеп, ізгі ниетін жеткізді. Одан бөлек, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев әскерге шақырылушыларды өмірлеріндегі өте жауапты және маңызды кезеңмен құттықтап, бұл тәжірибе олар үшін міндетті түрде пайдалы болатынын атап өтіп:


«Қызмет барысында жақсы дене шынықтыруға, сондай-ақ жауапкершілікті және тәртіпті болудың үлгісіне айналатын азамат болуға болады», - деді.


Атап өтсек, бұл азаматтар әскерге аттанардан бұрын медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден және кәсіби іріктеуден өткен.


Аталған іс-шарада болашақ сарбаздарға жақындары мен туыстары да амандық тілесе, мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.


Сонымен қатар, жас сарбаздарды шығарып салу рәсімінен соң Кентау қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөліміне қарасты жинақтау пунктінің ашылу рәсімі өтті. Оған Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, зиялы қауым өкілдері мен әскери қызметшілер қатысты.


Жалпы, биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында өңірден 2000-нан аса жігіт әскерге жіберіледі. Осыған дейін қыркүйек айында ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 300-ге жуық азамат аттанса, қазір ҚР ҚК әскери бөлімдеріне шақыру жүріп жатыр.