ТҮРКІСТАН: Дәрігерлер 4 науқасқа есту мүмкіндігін сыйлады

0
551

Олардың екеуі ересек, екеуі бүлдіршін.


ТҮРКІСТАН: Дәрігерлер 4 науқасқа есту мүмкіндігін сыйлады

Түркістан қалалық орталық ауруханасы кезекті пациенттеріне есту мүмкіндігін сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қалалық орталық ауруханасы кезекті пациенттеріне есту мүмкіндігін сыйлады. Мұнда IV дәрежелі есту қабілеті жоғалған 4 пациентке жоғары технологиялық «Кохлеарлық имплантация» отасы сәтті өткізілді. Олардың екеуі ересек, екеуі бүлдіршін.


Анкара қаласының Гази университеті мен аурухананың біріккен меморандумы аясында профессор Режеп Карамерттің көмегімен стационар оториноларингологтарымен бірге пациенттерге Med EL (Австрия) компаниясының импланттары тағылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жүргізілді. Қазіргі таңда олар өздерін жақсы сезініп, келесі отадан кейінгі ерте реабилитация кезеңіне дайындалуда.


Бұған дейін бұл санаттағы оталар тек Астана және Алматы қалаларының озық клиникаларында ғана мүмкін еді. Ал былтыр алғаш рет Түркістан облысында мұндай мүмкіндікке қол жеткізген. Түркістан қалалық орталық ауруханасында 5 пациентке ота жасалған. Бүгінде есту қабілеті жақсарып, белсенді өмір салтын ұстануда.


Аурухана басшысы Б.Берденов профессор Режеп Карамертті қабылдап, оториноларингологиялық көмекті дамытудың ең озық әдістемелерін аурухана тәжірибесіне енгізу жайын талқылады. Екі мекеме арасында тығыз қарым-қатынас орнату мәселелерін пысықтады.


Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін 16 ота жоспарланған. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бірлескен комиссия шешімімен отаға жіберілетін тізімі көрсіткіштерге сәйкес жасақталған.