ТҮРКІСТАН: Егістікті ағын сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

0
389

896 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Егістікті ағын сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Түркістан облысында егістікті ағын сумен қамту, су нысандарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістан облысында 896 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 мың гектарға артық. Аталған алқаптарды ағын сумен қамту мәселесі облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға осы саладағы жұмысты жандандырып, диқандарға қолдау көрсету жөнінде тапсырма берді.


– Облысымыз үшін ауыл шаруашылығының маңызы өте жоғары. Ағын су беру маусымында судың жоспарланған лимитінің толық әрі мерзімінде берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Облыс аумағындағы ағын су нысандарының қазіргі жағдайына тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіңіздер. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологияларын енгізген жөн. Ағын судан тапшылық болмауы үшін міндеттеріңізді сапалы атқарыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, жаздық дақылдарды егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Суармалы егістік жерлерін ағын сумен қамтамасыз етуге жыл сайын 4,9 млрд. м3 ағын су лимиті бекітіледі. Дегенмен соңғы жылдарда ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуына байланысты облысқа нақты қажеттілік 5,8 млрд. текше метрге жетуде. Су қоймаларда жиналған су көлемі жақсы деңгейде, орташа есеппен 71 пайызды құрап отыр. Оның ішінде «Шардара» су қоймасы 87 пайызға толған. Қазіргі таңда «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы Шардара ауданына сор шаю жұмыстарына 125 м3/сек ағын су босатылуда. Егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде басталған. Облысқа қажетті ағын судың 63%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Үкіметаралық деңгейде бекітілген 1116 млн. м3 ағын сукестеге сәйкес босатылып жатыр.


Айта кетейік, былтыр Түркістан өңірінде облыстық бюджет есебіне 43 шақырымды құрайтын 11 су нысанынакүрделі жөндеу жұмыстары басталды. 1350 шақырым қашыртқығамеханикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2,9 мың гектар жер сумен қамтамасыз етіліп, 26,9 мың гектар аумақтың мелиоративтік жағдайы жақсарған. 2025 жылға 5,4 млрд. теңге қаржы қаралып, 59 шақырымды құрайтын 12 су нысанына күрделі жөндеу, 21,8 шақырымды құрайтын қашыртқыларға (1 жоба) механикалық тазалау жұмыстары басталды. Осы арқылы 7,7 мың гектар жердің ағын сумен қамтамасыз ету жағдайы жақсарады.


Су нысандарын «Ислам даму банкі» қаржысын тарту есебінен қалпына келтіру шаралары атқарылуда. Алғашқы кезеңге «Тұран су» кәсіпорны арқылы 14 жоба қаржыландырылып, 166 шақырым канал бетонмен қапталып, 53,3 мың га суармалы жердің су жеткізу қабілеттілігі артады. Сонымен қатар коммуналдық меншіктегі 10 су нысанын «Қазсушар» РМК-нің теңгеріміне беру арқылы «Ислам даму банкімен» қаржыландыру көзделген.Нәтижесінде 130 шақырым канал бетонмен қапталып, 10,1 мың га жердің ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Екінші кезең бойынша 120 жобаға және «Қазсушар» РМК ТФ арқылы 157 жобаға ЖСҚ әзірленуде. Бүгінгі таңда, 14 жобаның ЖСҚ-сы дайын. Жалпы 25 су қойма, 1 су реттегіш, 269 каналды (4265,4 шақырым) күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Бөлісу