Ғимараттың аумағы жасыл-желекпен абаттандырылып, орындықтар мен жарықшамдар орнатылады.
Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт кешені салынатын болды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Ордабасы ауданында атақты қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай қазақ даласы батырының атына мемориалдық кешен салынады. Заман талабына сай үлгіде бой көтеретін нысанның құрылыс жұмыстары 2020 жылдың қараша айында басталып, 2021 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Атап өтсек, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі бойында салынатын мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Нысан кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, конференц залы, спорт залы, спортшылардың киім ауыстыруға, жуынуға арналған және басқа да қажетті бөлмелермен қамтылатын болады. Ғимараттың аумағы жасыл-желекпен абаттандырылып, орындықтар мен жарықшамдар орнатылады. Сондай-ақ, жобада балаларға арналған ойын алаңшасы мен автотұрақ та қарастырылған.
Айта кетейік, спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға лайықты етіп бой көтеретін кешен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге де ыңғайлы болмақ. Оған қоса, бұқаралық спорттың дамуына да септігін тигізетіні анық.