ТҮРКІСТАН: Келесте республикалық ақындар айтысы өтті

0
935

Бас жүлдені Арқалықтан келген Алаштың аяулы ақыны Айбек Қалиев иеленді.


ТҮРКІСТАН: Келесте республикалық ақындар айтысы өтті

Келес ауданында республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, жерлесіміз, айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жыр жүйрігі – Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Келестегі айтыс аламанында республикаға танымал ақындармен қатар облысымыздың жас ақындар да сынға түсті. Жыр додасының ашылу салтанатында ақындарға аудан әкімі сәттілік тіледі.


«Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған. Осы орайда, Наушабеков Жарқынбек Абазбекұлының құрметіне «Жыр жүйрігі Жарқынбек» атты Республикалық ақындар айтысы өткізілуде. Жарқынбек Абазбекұлы жалпы айтыс өнеріне араласқалы бері 20-ға жуық бас жүлде жеңіп алып, бінеше рет темір тұлпар иеленген. Айтыс атадан балаға мирас болып келген халқымыздың рухани мәдениетінің бірі. Алдағы уақытта мұндай мәдени іс-шараларымыздың қатары көбейіп, ауданымыздың мәдени-рухани дамуы артатын болады. Ұлы бабаларымыздың жолын жалғастырып, төл өнерімізді насихаттап жүрген жүзден жүйрік мыңнан тұлпар, айтыс ақындарына сәттілік тілеймін», - деді аудан әкімі Ақментай Есбаев.


Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында қазіргі қоғамда орын алып жатқан жайттар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайны, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.


Суырып салма ақынның өмір жолын еске алып, азат елдің жарқын жетістіктерін кеңінен дәріптеу, қасиетті Отанды жырға қосуды мақсат еткен айтыс қорытындысында ІІІ орынды шымкенттік Анар Жаппарқұлова мен Карима Оралова қанжығаларына байлады. Сөз бәйгесінің ІІ орыны Нұр-Сұлтан қаласынан келген Даурен Ысқаққа бұйырды. Бірінші орынды Түркістаннан келген Бекарыс Шойбеков иемденсе, бас жүлдені Арқалықтан келген Алаштың аяулы ақыны Айбек Қалиев иеленді. Айтыскер ақындарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Бөлісу