2018-2023 жылдары аралығында 354 студент облыстық бюджет есебінен білім алды.
Халықаралық қазақ-түрік университетінің дамуына серпін беретін ірі жобалар жүзеге асады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор, докторы Мухиттин Шимшек пен университет ректоры Жанар Темірбековамен кездесті.
Кездесуде бауырлас елдер арасындағы халықаралық білім ордасының дамуына серпін беретін ірі жобалар жайлы айтылды. Сондай-ақ білім беру үдерісі мен университеттің халықаралық жетістіктері туралы сөз болды. Басқосуда көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар жан-жақты қаралып, бұл бағытта белсенді жұмыс жүретін болады.
Түркістан облысының білім басқармасы мен Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арасындағы ынтымақтастық аясында Түркістан облысы әкімінің гранты есебінен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 2018-2023 жылдары аралығында 354 студент облыстық бюджет есебінен білім алды.
2024 жылы тағы да 55 студентке (ІТ саласына – 35, медицина саласына – 15, теологияға – 5) облыстық бюджет есебінен облысы әкімінің грантын бөлу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын Түркістан облысында 2024-2025 жылдар іске асыру мақсатында қабылданған Жол картасы шеңберінде Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен облыс әкімдігі арасында меморандум қабылап, меморандум аясында 2024-2025 оқу жылында облыс педагогтері университетте арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтетін болады.
Сонымен бірге жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждердің түлектеріне жұмысқа орналастыру және аттестаттау мәселелері бойынша кеңес беру орталығын ашу, кәсіби стандарттарға сәйкес мамандықтарды оқытудың білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс тобына қатысу секілді бірқатар жобаларды жүзеге асыру қарастырылуда.
Білім ордасында инженерия факультерін дамыту қолға алынып, IT мамандығын жаңғыртуға басымдық беріледі. Осы мақсатта Түркия елінен білікті ұстаздар шақырылады. Кездесуде «TURKISTAN» телеарнасының базасында Түркі тілдес елдерінің ортақ ақпараттық алаңы ашу туралы айтылды.
«Бауырлас елдердің достығын паш ететін білім ордасының жан-жақты дамуы – ортақ мүдде. Ортақ мүдде орасан мүмкіндіктерге жол ашады. Біз әрқашан бастамаларды қолдауға дайынбыз. Тек қана университеттің төңірегінде ғана емес, екі елдің достығын дәріптеуге басымдық берілгені өте маңызды. Университеттің әлемдік деңгейдегі оқу ордаларымен теңдесе алуы үшін бұл жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс. Екі ел арасында ортақ ақпарат алмасу алаңын құру жайлы біраз уақыттан бері ойда жүр. Бауырлас елдеріміздің бірлескен фильмін түсіру туралы бастамамызға қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамын. Жаңа жобаның рухани және тәрбиелік маңызы бар сапалы дүние боларына сенеміз», - деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің есімімен тығыз байланысты. Ғұламаның ілімін терең тану, мұрасын насихаттау мақсатында Түркия Республикасымен бірлесе отырып, фильм түсіру жоспарлануда.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ құрылған күннен бастап әрдайым екі бауырлас түркі тілдес мемлекет басшыларының назарында. ЖОО-да әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде оқу ордасының идеологиялық маңызы зор.
2018 жылдан бастап ХҚТУ түркі тілдес мемлекет университеттер Кеңесінің төрағасы болып табылады, оған Түркияның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Әзербайжанның 19 университеті кіреді. Университетте 10 мыңға жуық (шетелдік студеттер 1093) студент білім алады.