ТҮРКІСТАН: Мақтааралда өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 есе артты

0
632

Биыл бұл көрсеткіш 12,5 миллиард теңгеге жетті.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 есе артты

Мақтааралда өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4 есе артқан, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 3,2 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 12,5 миллиард теңгеге жетті. Осылайша 8 айдың қорытындысымен өнім көлемі 4 есе артып отыр. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 2019 жылы 2,2 миллиард теңгені құраса, 2020 жылы 10,8миллиард теңгеге жетті.

Ауданда 10 536 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Осы орайда, 9 айда аудан кәсіпкерлері жеңілдетілген пайызбен "Ырыс" шағын несие ұйымынан 297,4 миллион теңге, "Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры" АҚ-ы тарапынан 64,1 миллион теңге, "Жетісай несие" ұйымынан 175,05 миллион теңге, "Агро Несие Корпарациясы" АҚ-ы тарапынан 19,8 миллион теңге несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатында 3330 азаматқа кеңес, 140-тан аса сервистік қызметтер берілген. Сондай-ақ, 133 кәсіпкерге заңгерлік қолдау көрсетілген. Одан бөлек, "Бастау бизнес" бағдарламасы аясында 299 азамат, "Бизнес кеңесші" бағдарламасы аясында 29 азамат білім алған.

Шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында 2020 жылы Мақтаарал ауданында жалпы инвестиция көлемі 6,784 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылуда. Осы арқылы 191 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделуде.

Қазақстан және Турция елдері бірлесіп Мақтаарал ауданынан жалпы құны 4,764 миллиард теңгені құрайтын жіп шығаратын фабриканы іске қоспақшы. "Tulpar Texstill" ЖШС-іне қарайтын өндіріс орны 2020-2021 жылы іске асады. Жоба жылына 6600 тонна жіп өңдіре алады және 143 адамды жұмыспен қамтиды.

Жалпы құны 2,02 миллиард теңгені құрайтын мақта майын шығаратын "Tulpar May" ЖШС-і де 2020-2021 жылы жүзеге аспақшы. Қазақстан мен Ресей елдерінің бірлескен жобасы жылына 2,9 мың тонна май шығара алады және 48 адамды жұмыспен қамтитын болады.

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында 2,1 миллион евроны құрайтын "JID&COM" ЖШС-нің жеміс-жидектерді және бақша дақылдарын кептіру, жеміс-жидек мармеладтарын өндіру жобасын 2020-2021 жылы Қазақстан және Германия елдері бірлесіп іске қосатын болады.