ТҮРКІСТАН: Мақтааралдықтар еккен қырыққабат жуырда нарыққа шығады

0
522

545 гектар алқапқа қырыққабат дақылы егілген.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдықтар еккен қырыққабат жуырда нарыққа шығады

Таяуда Мақтааралда қырыққабат нарыққа жол тарта бастайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданында 545 гектар алқапқа қырыққабат дақылы, 1219 гектарға бақша дақылы, 414 гектарға жоңышқа дақылы егілген. Жақын арада қырыққабаттан алынған өнімдер нарыққа жол тарта бастайды. Бүгінде мақта дақылын егу үшін сор шаю жұмыстары түгелдей аяқталып, жерді тырмалау, шыжылдау жұмыстары жүргізілуде.


Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жұмыс сапарымен Иіржар ауылдық округінде болып, көтемгі дала жұмыстарымен танысты.


Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл аудан басшысына биыл мақта дақылын егу үшін 954 ауыл шаруашылығы тракторы, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары дайындалғанын жеткізді. Сондай-ақ аудан аумағындағы тұқым шаруашылықтары мақта шитін дайындап, алыс-жақын шет мемлекеттерден, оның ішінде Түркия, Өзбекстан, Қытай мемлекеттерінен қосымша тұқымдар келіп жатқанын да тілге тиек етті.


Аудан әкімі ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына сәуір айының әрбір қолайлы күнін пайдаланып, көктемгі дала жұмыстарын жылдағыдан ертерек аяқтау үшін шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет тарапынан берілетін жанар-жағармай мен басқа да көмектерді беруді сапалы ұйымдастыру керектігін ескертті.


Айта кетейік, Мақтаарал ауданының егістік жерлеріне Өзбекстан Республикасындағы «Сырдария» аумақтық су шаруашылығы бірлестігінің есебіндегі «Достық» магистральды каналы арқылы ағын су жеткізіледі. Аудан басшысы аталған каналдан кіші каналдарға құяр басындағы тоспалар мен шлюздердің жай-күйін бақылап, су тасқынының алдын алу жұмыстарын да пысықтап қойды.