Несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі.
Түркістан облысының әкімі «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысты. Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келген өңір басшысы Жетісай тұрғындарымен кездесіп, бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Кәсіп ашып, табыстарын арттыруға кеңес берді.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген.
Жетісай ауданында төрт түлікті көбейтіп, ауыл шаруашылығына бет бұрған еңбеккерлердің қатары артып келеді. Облыс әкімі Қарақай ауылдық округіндегі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алған шағын отбасылық сүт фермасында болды. 7 млн теңге көлемінде несие алған ауыл тұрғыны 30 сауынды сиыр сатып алған. Жылына 33,5 тонна сүт сатуды жоспарлап отыр. Мал баққан соң, қазақтың ақбас сиырын өсірген тиімді екенін білетін шаруа алдағы уақытта асылтұқымды сиыр сатып алмақшы. Осылайша мүйізді ірі қара малдың өнімділігін арттыруды көздеп отыр.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ - на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 10,3 млрд теңге құрайтын 1 679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1 544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 1 272 жоба мақұлданды. 2 млрд теңге құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272 жоба бағдарламада бектілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400 - ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде және тұрғындардың күн көріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.
«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты - ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар»,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі жұмыс сапарында Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол-Ж» шаруа қожалығының мақталық алқабында болды.
500 гектарға жуық жерде мақта, жүгері, жоңышқа және бақша дақылдары егілген. 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығында диқандармен кездескен Д.Сатыбалды егістікті әртараптандыру, ағын суды үнемдеу, тамшылатып суару технологиясын кеңінен енгізу жөнінде пікір алмасты.