Осы мәселені шешу мақсатында облыс әкімдігі 5 жылдық жоспар бекіткен болатын.
Түркістан өңірінде дәрігер жетіспеушілігі анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан өңірінде 250-ден астам бейінді дәрігер жетіспеушілігі анықталып отыр. Анестезиолог және реаниматология, акушерлік-гинекология, неврология, кардиология, неонатология, травматология-ортопедия, офтальмология, оториноларингология, клинический фармаколог, инфекционист, онколог мамандары тапшы. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, аймақтың медициналық мекемелері осы салаларда тәжірибесі бар кадрларды жұмысқа қабылдауға дайын.
– Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасымен медицина саласына үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Өңірде 24 мыңнан астам медицина қызметкері халыққа еңбек етуде. Дегенмен демографиялық жағынан көш бастап тұрған Түркістан облысы үшін білікті дәрігерлер қажет. Осы мәселені шешу мақсатында облыс әкімдігі 5 жылдық жоспар бекіткен болатын. 2023-2029 жылдары резидентураға 675 грант бөлініп, жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылды. 2023-2024 оқу жылында түскен 176 резидент Астана, Алматы, Қарағанды және Түркістан қалаларындағы медицина университеттерінде білімін жетілдіруде. Кадрлар дайындалып жатыр. Оларға бір ғана шарт қойылған. Міндетті түрде Түркістан облысына келіп, денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет көрсетуі тиіс, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Биыл да бұл игілікті іс жалғасын тапты. Облыс әкімдігі тарапынан резидентураға 75 грант белгіленіп, 145,4 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда тапшы мамандықтардың тізімі әзірленді. Денсаулық сақтау басқармасы және еліміздегі жетекші университеттер арасында гранттарды бөлу жұмыстары жүргізілуде. Үміткерлердің аталған конкурсқа қатысуға мүмкіндігі бар.