Түркістан облысында 200 мыңнан аса көшет отырғызылды

0
458

Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.


Түркістан облысында 200 мыңнан аса көшет отырғызылды

Түркістан облысында 201 мың көшет отырғызылып, 317 мың ағаш әктелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аббаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын сапалы жүргізбеген аудан, қала әкімдерінің жұмысына кезекті рет сын-ескертпе айтылды. Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мәселе арнайы қаралды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де өз деңгейінде жүйеленбегенін айтып, жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.


«Әкімі қандай болса, көшесі сондай болады. Бірнеше рет бұл мәселе бойынша тапсырма берілді. Бірнеше аудан, қалада ғана сәл нәтиже, қозғалыс бар. Қалғандары әлі де немқұрайлы қарап отыр. Біз тазалық пен абаттандыру бойынша жұмысты жыл бойы талап ете береміз. Егер оны орындай алмайтындар болса, басқа шара қолданамыз. Барлық аудан, қалада тазалыққа жауапты коммуналдық мекеме болуы тиіс. Мұндай мекемесі жоқтары басынан жасақтасын. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт және өзге де мекемелер өздері орналасқан аумақтың тазалығына, көгалдандырылуына жауапкершілікпен қарасын. Әр ауданды сектор, көшеге бөліп, тазалық жұмыстарын жалғастырыңыздар. Тазалық шараларына тұрғындар да атсалысуы тиіс. Бұл – бәрімізге ортақ жұмыс. Іс-шараларды, жұмыс барысын жүйелеңіздер», – деген Дархан Сатыбалды тазалық жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан бірнеше аудан, қала әкімінің уәждерін тыңдап, сын-ескертпе айтты. Тапсырмалар берді.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.


2024 жылы наурыз айынан бастап 3 рет сенбілік ұйымдастырылды. Аталған сенбіліктерге жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысып, бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аудан қала әкімдіктері тарапынан 201 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, 317 030 ағаш әктелді. Сенбіліктерге жалпы 19 мыңнан астам азамат қатысып, 279 дана техника тартылды, 2 710 тонна қоқыс шығарылды. 1152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқжолдары тазаланды. 275 саябақтар және скверлер, 192 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 95 шақырым көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңындағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіреберістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру нысандарын және санитария жағдайын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында мобильді топтар құрылып, топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар тартылған. Мобильді топтың аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сайманмен қамтылған. Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары жүріп жатыр.


Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға жалпы 81,1 млн теңге айыппұл салынған.