Қатысушылар «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС аумағында егілген мақта алқабымен танысты.
Түркістан облысында ел тарихында тұңғыш рет бір мезгілде 32 мың гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілді. Бұл бастама мақта шаруашылығының дамуына тың серпін беруде.
Түркістан облысы, Отырар ауданында «Мақта дақылын жаңа технологиямен егудің тиімділігі» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті. Облыс әкімдігі мен облыстық прокуратураның, Ауыл шаруашылығы басқармасы мен Отырар, Арыс әкімдіктерінің, «Түркістан» ӘКК-нің ұйымдастыруымен өткен семинардың мақсаты – салада заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру, шаруаларға су үнемдеуді үйрету, тыңайтқыштарды тиімді пайдалануды түсіндіру, мақта өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны халықаралық талаптарға бейімдеу жолдарын талқылау.
Бағдарлама аясында қатысушылар «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС аумағында егілген мақта алқабымен танысты. Ауыл шаруашылығы дақылдарына қажет тұқым, көшет, органикалық және минералды тыңайтқыштар, биоагенттер, агродрондар, гербицидтер мен пестицидтер сатушылардың көрмесі ұйымдастырылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, семинар-кеңесті ашып берді.
– Халықтың әл-ауқатының жоғары болуы – агроөнеркәсіптік кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды. Мемлекет басшысы аграрлық салаға ерекше көңіл бөліп, инновациялық амал-тәсілдерді енгізуді тапсырды. Облыста ауыл шаруашылығында жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаржының өнімі өндіріліп, республикада жетекші орында тұр. Өңірде 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызын құрайды. Осы орайда, 1 млн ауыл тұрғынының әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей қатысты. Қазіргі таңда әлемдік мәселелердің бірі – су тапшылығы. Өңірде су үнемдеу технологияларына кешенді көшу арқылы мәселені шешу қарқын алған. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектар алқапқа енгізіледі. 2030 жылға дейін осы әдіспен суармалы жердің 50 пайызы қамтылады. Қолжетімділікті арттыру үшін жылдық қуаттылығы 113 мың гектарды қамтитын жергілікті 4 кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде мақта дақылынан дәстүрлі әдіспен орташа гектарына 25 центнерден өнім алынса, жаңа технология есебінен өнімділік 3 есеге дейін немесе гектарына 60 центнерден өнім алуға қол жеткізіліп отыр. Жұмыстар жалғасады. Агроқұрылымдарды жан-жақты қолдауға және мәселелерді бірлесе шешуге әзірміз. Бүгінгі семинар шаруаларға серпіліс пен мол мағлұматтар береді деп сенеміз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жиынға ғалымдар, құқық қорғау органдары өкілдері, жауапты басқармалар мен бөлімдердің басшылары, аудан, қала және ауылдық округтері әкімдері, агроқұрылым жетекшілері, кәсіпкерлер, мақта өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының иелері арнайы шақырылды. Семинар-кеңеске облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков модераторлық етіп жүргізді. Семинар-кеңесте спикерлер тақырып аясында бірқатар бағыттарға тоқталып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев «Мемлекет басшысының инвестицияларды қорғауды қамтамасыз ету бойынша берілген тапсырмасының орындалу барысы», «Түркістан мақта агронөнеркәсіп кешені» ЖШС Бас директоры Янь Цивэнь «Түркістан облысындағы жоғары санатты мақта егу базасын салу және пайдалану жолдары», «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС басшысы Амандық Қостақов «Бәсекеге қабілетті отандық мақта сортын өсіру», «Таймас 2024» ЖШС басшысы Болат Құрақбаев «Отырар ауданында мақта дақылын егудегі іс жүзінде тәжірибесімен бөлісу», «БНК АГРО» ЖШС директоры Ниязәлі Бейсенбаев «Су үнемдеу технологияларын ендірудің тиімділіктері» тақырыбында сөз қозғады.
Айта кетейік, бүгінде аймақта «BNK Group LTD» ЖШС-нің жылына 1000 дана (50 мың га) жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауыты және «14,0 мың га тамшылатып суғару өндірісі» кәсіпорны, жылына 9,0 мың га тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «Тұран су» ШЖҚ МКК-нің кәсіпорны, жылына 40 000 га тамшылатып суғару желісін өндіретін «XINJANG IRRIGATION» компаниясының кәсіпорны жұмыс істеп тұр.
Түркістан облысында 2025-2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру көзделген. Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық ірі жоба негізінде 4 мақта өңдеу мен толыққанды тоқыма кешені жүзеге асырылады. Атап айтқанда, егіс алқабынан бастап иіру өндірісі, мата шығару мен бояу, өңдеу және дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. 32 000 гектарға жуық алқапта заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, мақта өсіріліп жатыр. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған.