Олар ұзақ уақыт бойы облыс орталығының аумағында марихуана сатумен айналысқан.
ERNUR.KZ. Түркістан облысында полиция қызметкерлері марихуана сатумен айналысқан ерлі-зайыптыларды ұстады, деп жазады Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасына Түркістан қаласының тұрғындары есірткі сатумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері есірткі затын өткізді деген күдікпен Түркістан қаласының тұрғындары, ерлі-зайыптыларды құрықтады. Белгілі болғандай, ер адам мен оның жұбайы ұзақ уақыт бойы облыс орталығының аумағында марихуана сатумен айналысқан.
Күдіктілердің үйін тінту кезінде 20-дан астам сіріңке қорабы табылып, тәркіленіп алынды. Сот-криминалистикалық сараптамасына сәйкес, тәркіленген есірткі заты жалпы салмағы 100 грамм болатын “кептірілген марихуана” болып шықты.