Есірткі сатумен айналысқан Төлеби және Ордабасы аудандарының тұрғындары ұсталды.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облысы Полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің жүргізген жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жылдың басында 70-ке жуық есірткіқұқықбұзушылығы мен қылмыстарын, соның ішінде 12 есірткі сату және көп мөлшерде есірткі затын сақтаудың 7 дерегін анықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Полицейлермен заңсыз айналымдағы 11,5 кг-нан асатын есірткі затын тәркіледі.
Атап айтқанда, 2019 жылдың қаңтар айында ТО ПД ЕБҚКБ-на Төлеби ауданының тұрғыны марихуана сатумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түскен. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полицейлер есірткі сатқан күдіктіні ұстады. Заттай айғақ ретінде салмағы 40 грамнан асатын марихуана тәркіледі.
ТО ПД-нің полицейлері Ордабасы ауданынан есірткі сатудың тағы бір жайтын анықтады. Жедел іс-шарасы барысында ЕБҚКБ қызметкерлері есірткі сатады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Жедел уәкілдер заттай айғақ ретінде жалпы салмағы 50 грамнан аса марихуананы тәркіледі.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа ҚР ҚК 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Полицейлер ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Дереккөз: ТО ПД Баспасөз қызметі