ТҮРКІСТАН: Сайрамда Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өтті

0
164

Салтанатты жиын соңы соғыстың қиын кездері көрініс табатын жауынгерлердің батырлығын дәріптейтін концерттік бағдарламаға ұласты.


ТҮРКІСТАН: Сайрамда Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өтті

Сайрам ауданында Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сайрам ауданы аумағындағы Орталық саябақта 9 мамыр— Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.


Жиында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен батырлар мен бабалар рухына құран бағышталды. Жастарды отаншылдыққа, азаматшылдыққа, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ардақтауға, өз Отанын сүюге және үлкендерді сыйлауға тәрбиелейтін іс-шара аясында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.


«Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, батыр бабаларымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Біз қашанда ерлік пен батырлықтың көзсіз үлгісін көрсеткенжауынгерлердің рухына тағзым етіп, бас иеміз. Осынау сұрапыл соғыста біздің Сайрам ауданынан 20 195 адам соғысқа аттанып, соның 8 115-і еліміздің бостандығы жолында қаза тапты. Біз ұдайы «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген ұранды ұстанған халықпыз. Бүгінгі жас ұрпақ аға буын ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықты, батырлық пен батылдықты үйренеді. СіздердіЖеңіс күні мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Ұрпақтарыңыздың қуанышын көріп, бақытқа кенеле беріңіздер! Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!» Арман Сәбитов.


Сондай-ақ аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды.Салтанатты жиын соңы соғыстың қиын кездері көрініс табатын жауынгерлердің батырлығын дәріптейтін концерттік бағдарламаға ұласты.


Бұдан соң аудан әкімі Арман Сәбитов аудандағы Қарабұлақ ауылдық округінде тұратын 98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаевтің шаңырағына барды. Президенттің, облыс әкімінің және өзінің атынан құттықтауын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.


Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 1944 жылдың 5 мамырында Сайрам аудандық комиссариатына шақырылып, 64-ші атқыштар полкінде әскери борышын өтеген. Польшаны азат ету ұрысына және Германия соғысына қатысқан. 1949 жылдың 10 сәуірінде әскерден оралған. I дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы», «Германиядағы жеңіс үшін» және 8 мерейтойлық медальдармен марапатталған.


Майдангер мейраммен құттықтап келген аудан әкімі мен қонақтарға алғыс айтты. Сын шақтарға шегініс жасап, зұлмат жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Елімізге бейбітшілік тілеп, ақ батасын берді.