Бұл техникалар шағын көлемді алаңдарда, жылыжайларда, мал фермаларындағы және коммуналдық жұмыстарға өте қолайлы.
Сарыағаш ауданында«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында арнайы техникалар пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында арнайы техникалар пайдалануға берілді. Жаңа техника кілттерін ауданға іссапармен барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров табыстады.
– Өздеріңізге мәлім, бір жыл бұрын бәріміз «Таза Қазақстан» бағдарламасын бастағанбыз. Осы жалпыұлттық бағдарламаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып келе жатқан әрбір азаматқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» деген болатын. Осы тазалық жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындардың өмір сапасы мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында ауданға облыстық бюджеттен қаржы бөліп, техника кілттерін тапсырғалы отырмыз. Бұл жаңа техникалар коммуналдық қызметтерді жаңартып қана қоймай, ауданның таза әрі көрікті болуына да мүмкіндік береді. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Бұл бастама – ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасын жергілікті деңгейде нақты іске асырудың көрінісі.
Облыстық бюджеттен 257,1 млн теңге бөлініп, көше жуу мен тазалағыш құралы орнатылған 1 КамАз автокөлігі, 11 шағын көлемді, үнемді, әмбебап lovol-604 тракторы және 11 тіркемесі тапсырылды. Бұл техникалар шағын көлемді алаңдарда, жылыжайларда, мал фермаларындағы және коммуналдық жұмыстарға өте қолайлы.
Айта кетейік, соңғы екі жылда Түркістан облысы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық салаға жүздеген техника сатып алынған. Соның ішінде Сарыағаш ауданының үлесі артып келеді. Жаңа техника аудан орталығымен қоса, ауылдық округтердің де санитарлық тазалығын сақтауға қолданылады.