ТҮРКІСТАН: Шардара ауданының 2030 жылға дейінгі даму жоспары талқыланды

0
226

ШАРДАРА АУДАНЫ 2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?


ТҮРКІСТАН: Шардара ауданының 2030 жылға дейінгі даму жоспары талқыланды

Облыс әкімдігінде Шардара ауданының 2030 жылға дейінгі даму жоспары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардараның географиялық ерекшеліктерін, су қойманы, суармалы алқаптарын тиімді пайдалану керектігін айтты.


– Шардара ауданында суармалы жер көп. Өсімдік шаруашылығын дамыту, егістікті әртараптандыру бойынша мүмкіндік өте жоғары. Соны дұрыс пайдаланған жөн. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажет. Біз бұл даму жоспарын не үшін әзірлеп отырмыз? Нақты индикатор қойып, әр жылға бөліп, бекітіп алмасақ, жұмыс жүйелі болмайды. Идея табылса, қаржы тапшы, қаржы табылса, жобалар болмай қалмауы үшін 6 жылға жоспар жасадық. Осыны жүзеге асыру үшін барлық басқарма өздері жауапты сала бойынша жұмыс істейді, инфрақұрылым тарту және тағы басқа мәселелерді шешеді. Сонда ғана жобалар іске асып, аймақтың экономикасы көтеріледі, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.


Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың айтуынша, ауданды дамытуда 4 бағыт таңдалған. Олар: туризм, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және балық шаруашылығы. 2024-2030 жылдар аралығында 154 инвестициялық жоба жүзеге асып, 4 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жобалардың жалпы құны 210 млрд. теңгеден асады. Өнеркәсіп және саудада 49 жоба, туризм – 16, балық шаруашылығы – 75 және ауыл шаруашылығында 14 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 2030 жылға дейін ауданға тартылған инвестиция көлемі 3,2 есе өседі. Өнеркәсіп саласында 27 жоба жүзеге асып, зауыттар мен өндіріс орындары көбейеді. 2300-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Осылайша, өнеркәсіп өнімін 100 млрд. теңгеге жақындатып, 4 есе өсіру көзделіп отыр. Ауданда егістікті әртараптандыру, көкөністі, дәнді дақылдарды терең өңдеу салалары бойынша да жұмыстар атқарылады.


Мәжілісте кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және өзге де басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жоспарға енгізілді.

Бөлісу