ТҮРКІСТАН: Солтүстікке қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі

0
124

Жұмысқа орналасуға, кәсіп бастауға қолдау көрсетіледі.


ТҮРКІСТАН: Солтүстікке қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі

Солтүстік өңірлерге қоныс аударушы азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерден келген делегация мүшелері Қазығұрт ауданының тұрғындарымен кездесті. Делегация құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Көші-қон басқармасының» басшысы Эльмира Тілләбайқызы және СҚО «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Аман Жақсыбайұлы және арнайы ақпараттық жұмысшы топ мүшелері болды. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев жүргізіп отырды.


Аман Жақсыбайұлы қоныс аударуға ниетті азаматтарға «Ерікті қоныс аудару» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы айтып берді. Атап айтсақ, тұрғын үй сатып аларда мемлекет үйдің құнының 50%-ын субсидиялайды (1160 АЕК), отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК көлемінде субсидия, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер үшін төлем ай сайын өтеледі, бірақ 12 айдан аспайды. Жұмысқа орналасуға, кәсіп бастауға қолдау көрсетіледі.


Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Көші-қон басқармасының» басшысы Эльмира Тілләбайқызы:


«Көші-қон саласындағы мелекеттік саясатты жүргізудің және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттырудың негізгі бағыты – халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбек ресурстары аз, халқы сирек орналасқан өңірлерге халықты қоныстандырып, ішкі көші-қонды реттеу. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша өз еркімен қоныс аударуды ұйымдастыру, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыра отырып, 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді», деді.


М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің өкілі, «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы арқылы оқуға түсуге ниетті мектеп бітіруші түлектер үшін бөлінген квота шеңберінде белгіленген мамандықтар бойынша білім алуына мол мүмкіндіктер жасалғаны, оқу базасының заманауи технологиямен жабдықталғандығы, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуде ешқандай мәселелер туындамайтындығы жөнінде мәлімдеді.


Кездесуде делегация мүшелері аудан тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Бөлісу