ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді

0
1 051

2 жаңа мектеп пен 1 қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түлкібас ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Түлкібас ауданында Тәуелсіздік күні қарсаңында және Балалар жылына орай тағы да бір қуанышты жаңалық болды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Тұрар Рысқұлов ауылында «Майлыкент» мектебі бой көтеріп, оқушылар мен ұстаздарды қуантты.


Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаев, аудандық мәслихат хатшысы Сәдуахас Сейсенбаев, ауыл ақсақалдары мен ардагер ұстаздар қатысып, мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен және жаңа ғимараттарының ашылуымен құттықтады.


Жалпы аумағы 2 гектар жерді алып жатқан білім ошағының ғимараты 3340 шаршы метрді құрайды. Жаңа нысанда мемлекеттік білім беру мен оқу стандарты толық орындалған. Бұнда бастауыш сыныптарға арналған 5 сынып, арнайы пәндерге арналған (химия, биология, физика, информатика, мультимедия зертханаларымен) 8 сынып, 7 оқу кабинеті бар. Біріктірілген мәжіліс және спорт залы, ұлдар мен қыздарға арналған екі бөлмелі шеберхана, типтік асхана қарастырылған.


Айта кетейік, биыл ауданда халық санының артуына және балаларға сапалы білім алуға жағдай жасау мақсатында 5 жаңа мектеп пен қосымша ғимараттар соғылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде «Аманкелді» мектебіне қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілді. Көп жылдан бері өзекті мәселенің бірі болып келген Абайыл ауылынан 100 орындық мектеп бой көтеріп, биылғы жаңа оқу жылы пайдалануға берілді.


Бүгінгі таңда облыстық бюджет есебінен аудан аумағында 2 жаңа мектеп пен 1 қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.