Түркістан және Ош облыстары арасындағы байланыс нығаяды

0
996

Екі өңір арасындағы Жол картасы аясында жұмыстар жанданады.


Түркістан және Ош облыстары арасындағы байланыс нығаяды

Түркістан мен Ош облыстары арасында байланыс нығая түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістанда өтіп жатқан «KazAgro/KazFood Turkistan 2023» I халықаралық сауда көрмесіне арнайы келген Қырғыз Республикасының делегациясымен кездесті. Кездесуде екіжақты байланыстарды нығайту, түрлі салаларда әріптестік орнату мәселелері сөз болды. Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетімен таныстырып, қолға алынып жатқан жобалар туралы баяндады. Наурыз мерекесімен құттықтап, қырғыз бауырларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.


«Тарихи Түркістанға қош келіпсіздер. Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына жұмыс сапарында бірқатар құжаттарға қол қойғаны белгілі. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Түркістан облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасының Ош облысы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум жасалған болатын. Бүгін Түркістандағы халықаралық форумда осы екі облыс арасындағы байланыстарды нығайту іс-шаралары бойынша Жол картасына қол қойылды. Біз енді нақты іске кірісуіміз керек. Ауыл шаруашылығы, өндірісті дамыту және өзге де салалар бойынша бірлесе жұмыс атқаруға мүмкіндік бар. Қасымыздағы бауырлас әрі көрші елмен әріптестік орнату екі жаққа да тиімді болады. Мәлімет алмасып, жобаларды талқылауға дайынбыз», – деді Дархан Сатыбалды.


Қырғыз Республикасы Президентінің Ош облысындағы өкілетті өкілінің бірінші орынбасары Данияр Жаныкулов бауырлас елдердің тілегі бір екенін жеткізді.


«Түркістан қаласы айрықша жаңарып, қатты өзгергенін көріп, қуанып қалдым. Арнайы уақыт бөліп, құрметпен қарсы алғандарыңызға рахмет. Ең жақын екі халық, екі мемлекетпіз. Сондықтан біз үшін сіздермен әріптестік орнату маңызды. Ош облысында туризм, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, бал шаруашылығы жақсы дамыған. Қытаймен шекаралас аймақ логистикалық орталық ретінде де тиімді байланыс орната алады. Жиі кездесіп, іскерлік, экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделіміз», – деді Данияр Жаныкулов.


Кездесу соңында қос тарап, әріптестікті нығайтуға уағдаласты. Екі өңір арасындағы Жол картасы аясында жұмыстар жанданады.