ТҮРКІСТАН: Жетісайда 80 мың гектарға жуық ауыл шаруашылық дақылдары егілген

0
577

4550 тонна жанар-жағар май бөлініп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне босатылып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 80 мың гектарға жуық ауыл шаруашылық дақылдары егілген

Жетісайда бір жерден екі үш өнім алу жобасы іске асуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай жақта күзгі жиын-терім науқаны қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 43612 га мақталық алқап терілді. 6343 га алқаптың мақтасы қолмен терілсе, 37 269 га алқапқа комбайн түсіп, қазірге дейін 104,8 мың тонна мақта жиналды. Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек жыл басынан бергі 9 айда атқарылған жұмыстары туралы баяндады.


Биыл ауданда 78,5 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 44,0 мың гектардан астам жерге мақта, 21 мың га бақша, 10,1 мың га мал азығы, 3,0 мың га көкөніс және т.б. дақылдар егілді.


«Ауданда бір жерден екі-үш рет өнім алу жобасы сәтті жүзеге асуда. Биыл 361 шаруа қожалықтың иелері 854 га жерге бірінші өнімге - қырыққабат, екінші өнімге - жүгері, мақта, асқабақ, сәбіз, маш егіп алды. Жаңадан 5 гектар жылыжай іске қосылып, 52,6 га жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілді», - деді Мұрат Болатұлы.


Аудан әкімінің айтуынша, ауданда күзгі дала жұмыстарына бөлінетін жанар-жағар майдан тапшылық жоқ. 4550 тонна жанар-жағар май бөлініп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне босатылуда.


Аудандағы кәсіпкерлер шағын мал бордақылау алаңдарын ашуға бет бұрып, малды бордақылаумен айналысуда. Бүгінде мал бордақылаумен айналысатын кәсіпкерлердің саны 152 бірлікке жетіп отыр.