ТҮРКІСТАН: Жетісайда алтын құрсақты аналар ардақталды

0
949

Бір қолмен әлемді, бір қолмен бесікті тербеткен кешегі кеңес дәуірін көріп, ғасырды артта қалдырған аналар қатары қазіргі таңда саусақпен санарлық.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда алтын құрсақты аналар ардақталды

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов 100-ден асқан әжелердің үйлеріне барып, арнайы құттықтап, сый-сияпатын жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданында «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар ғасыр жасаған әжелерді құттықтаумен басталды. Аудан әкімі Серік Мамытов 100-ден асқан әжелердің үйлеріне барып, арнайы құттықтап, сый-сияпатын жасады.


Бір қолмен әлемді, бір қолмен бесікті тербеткен кешегі кеңес дәуірін көріп, ғасырды артта қалдырған аналар қатары қазіргі таңда саусақпен санарлық. Киелі, қасиетті де қастерлі болған аналар тіршіліктің бастауы. Өйткені ел билеген патша да, аты жер жарған алып батыр да, қара сөздің қаймағын ішкен ақын да ананың алтын құрсағынан бастау алады.


«Жасы үлкенді қаділесе құт болар, Қадірлі кісі қартаймас» деп ұлы ғұламалар өсиет етіп келер ұрпаққа қалдырғандай жақсылықты жанымен қолдап, өнегелі іске сергектікпен ден қойып отырған Жетісай қаласының тұрғыны Күлсін Ақсаева мен Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны Қалдан Қадырбекова ауыл-аймақ тұрғындарының тұтастық өмірінің өзекті мәніне айналған. «Ауылыңда кімің бар?» дегенде көнекөз қарттарын, әсіресе, бәйтерек сынды бетке ұстар қазыналы қарттарын үлкен-кіші марқайып, мақтан етеді. Белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысып, кейіннен екінші дүниежүзілік соғыста қан майдандағы жауынгерлерге қолынан келгенше көмек берген әжейлер соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан. Қолына кетпен алып шабық шауып, масақ терген. Диірменде ұн өткізіп, мал да баққан. Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленіп, кеңес дәуірінде өмір бойы қарапайым жұмысшы болып, белі талмай еңбек еткен қарияның өмір жолы көпке үлгі боларлықтай.


«Осындай тоқшылықта, бейбіт елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты ұрпақсыңдар ғой. Оқ пен оттың қатері жоқ. Сондықтан қолда бар құндылықтарды бағалай білу керек. Кезінде аш та болдық, жәутеңдеп үреймен өмір сүрдік. Бүгін міне, өз еркіміз өзімізде. Тәуелсіз елміз. Барымызға қанағат жасап, болашаққа жақсы үміттермен өмір сүре білейік. Қашан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» - деген қазыналы қарт аналар аудан әкімінің ықыласы мен құрметіне алғыстарын айтып, баталарын берісті.