ТҮРКІСТАН: Жетісайлық диқан 300 тоннаға жуық қарбыз жинауды көздеп отыр

0
650

5 гектар жерге қарбыздың «Талисман F1» сортын еккен.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық диқан 300 тоннаға жуық қарбыз жинауды көздеп отыр

Жетісай ауданында өсірілген қарбыз Ресейге жеткізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданына қарасты Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде 6 гектар жерге пленка астында, 5 гектар жерге пленкасыз қарбыздың «Талисман F1» сортын еккен Олжас Есботаев өнімін Ресейге саудалауда. Диқаншылықты кәсіп еткен шаруа сәуір айында егіншілігін бастап, қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде пісіп-жетілген қарбыздан шамамен 300 тоннаға жуық өнім алынады деп жоспарлап отыр.


"Биыл ауданымыздың климаты диқаншылыққа қолайсыздау болғанымен тәуекел жасап жылдағы уақытта егіншілікті бастадық. 6 гектарға пленкалы, 5 гектарға пленкасыз қарбыз ектік. Егістік алқабының әр гектарына шамамен 1 млн. теңгеден шығын шығардық. Әйтсе де, ауа-райының қарасқандығынан өнімімізді саудалап отырмыз. Тағы 15 күнде пленкасыз қарбызымыз да дайын болады", – дейді О. Есболатов.


Жетісайлық шаруалар биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 45,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 19,6 мың гектар жерге бақша, 5 мың гектар жерге дәндік жүгері, 2,9 мың гектар жерге көкөністер мен 5,3 мың гектарына мал азықтық дақылдарын еккен.


Қазіргі таңда ауданда бақша дақылдарынан өнім жинау науқаны жүргізілуде. Жиналған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасы қарбыз болса 12,5 мың тоннасы – қауын. Жиын-терім науқанының соңына дейін бақшадан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Бақша дақылдарының өнімдері негізінен Ресей, Беларусь мемлекеттерімен қатар еліміздің Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларына, сұраныс болған өзге де облыс орталықтарына жөнелтіледі.


Айта кетейік, қарбыз өнімдерінің бағасы алғашында келісіне 90 теңгеден басталса, қазір 70 -80 теңге аралығында сатылуда