ТҮРКІСТАН: Жетісайлық түлектер ауылдарына спорт алаңшасын салып берді

0
467

Бұған дейін ауылда мұндай спорт алаңдары болмаған.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық түлектер ауылдарына спорт алаңшасын салып берді

Жетісай ауданының түлектері ауылына спорт алаңшасын сыйға тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округіне қарасты Қоғалы елді мекенінің №70 Жолдасбек Сүлейменов жалпы орта мектебінің 2012 жылы мектеп бітірген түлектері өз ауыл жұртшылығына спорт алаңшасын сыйға тартты. Бұған дейін ауылда қазіргі заман талабына сай спорт алаңдары болмаған.


Әмбебап спорт алаңшасын ашу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Прімбеков пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен ауылдық округтің әкімі Шынболат Муташов, ауыл ақсақалдары мен жастары қатысты.


«Бүгінгі мейрам құтты болсын! Спорт алаңының ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл ауылдан көкпардай ұлттық спортымызды кеңінен нәсихаттап, алты алашқа қазақ елін танытқан Жексенбайдай палуан шыққан. Олардың ізін жалғастырып жүрген Тойшыбек (Толик), Асылбек (Гари) сынды батырларымыз тағы бар. Бұқаралық спортты дамыту, насихаттау және өскелең ұрпақты спортқа тәрбиелеу мақсатында сыйға тартқан алаңшада жаттыққан қара домалақ ұлдарымыздың арасынан танымал спортшылар мен атақты азаматтар шыға берсін! Жақсылықта бас қосайық!», - деді аудан әкімінің орынбасары Серік Қонысбекұлы.


Түлектердің игі бастамасына ризашылығын білдірген ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, спорт алаңшасының ашылу салтанатына орай ауыл жастары арасында сайыс өтті.


«Барыс жылында біздің мектеп бітіргенімізге 10 жыл толып отыр. Қазіргі таңда алтын бесігіміз Қоғалы ауылына келіп, 21 бала болып бірігіп сыйға тарттық. Алаңшаны ашудағы басты мақсатымыз – өімізден кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың мәдениетін, тәрбиелі және салауатты өмір сүруін қалыптастыру. Болашақта чемпиондар шығады деп үміттенеміз», - дейді Құдайқұл Бақдәулет.


Ауыл көркіне сән берген спорттық алаңда үлкен-кіші барлық ауыл тұрғындары бірдей дене тәрбиесі және спортпен айналыса алады. Әмбебап алаңшаны ашу үшін түлектер 1,5 миллион теңге қаржы жұмсаған.