Түркістанда «Рухани қазына—2022» фестивалі басталды

0
673

Республикалық фестиваль бірнеше кезеңнен тұрады.


Түркістанда «Рухани қазына—2022»  фестивалі басталды

Түркістан қаласында Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен фестиваль басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани қазына—2022» фестивалінің республикалық кезеңі бастау алды. 16- 21 мамыр аралығында өтетін іс-шараның мақсаты – еліміздегі мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтап, талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларға қолдау білдіру.


«Farab» кітапханасында өткен фестиваль-конкурстың ашылу салтанатына «Қазақ әуендері» АҚ президенті Ғалымжан Өтелбайұлы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.


"Республикалық байқаудың Түркістан төрінде өтуінде ерекше мән бар. Ондағы біздің мақсатымыз — ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғыртып, дамытуға, терең насихаттауға күш салу. Мұндай іс-шаралар қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттырып, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыруға, қызметкерлердің өзара тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік береді", — деді Ғалымжан Өтелбайұлы.


Айта кетейік, республикалық фестиваль бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы күндері мәдениет қызметкерлері мұражай, кітапхана, мәдени-демалыс қызметі саласында бақ сынаса, 17-18 мамыр күндері аралығында лекторлар конкурсқа қатысушыларға дәріс оқып, шеберлік сабағын өткізеді. 20 мамыр күні сағат 08:00-13:00 аралығында Түркістан өңіріндегі киелі орындарға (Арыстан баб кесенесі, көне Отырар қаласы) экскурсия жасалады деп күтілуде. 21 мамыр күні «Farab» кітапханасында фестивальдің жабылуы, конкурс жеңімпаздарын марапаттау, гала-концерт өтеді.


Биылғы фестивальдің ерекшелігі бұл конкурсқа мемлекеттік мекемелермен қатар жеке меншік мәдениет ұйымдары да қатысып жатыр. Бірінші кезеңнің (өңірлік) қорытындысы бойынша жалпы саны 285 өтінім ( кітапхана саласы бойынша — 125, музей саласы бойынша — 73, мәдени-демалыс қызметі саласы бойынша — 87) қабылданған.


Фестивальді өткізу орны «Қазақ әуендері» АҚ-ның телеграм каналында дауыс беру жолымен анықталды. Дауыс беру нәтижесінде лайық деп танылған өңірге «Рухани өлке – 2022» статусы беріледі.

Бөлісу