ERNUR.KZ. «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде алынған, жалпы көлемі - 90 гектар жерді қамтитын Үкаша ата кесенесі мен құдығына барар жолға биылғы жылы асфальт жол төселіп, абаттандыру жұмыстары жанданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зияратшыларға арнап арнайы демалатын бастырмалар мен орындықтар орнатылып, автотұрақ пен алаң және әжетханалар ретке келтірілді.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты 98 діни-рухани орындар мен ескерткіштер бар. Олардың әрқайсысының өз тарихы мен аңыз-әңгімелері жетерлік. Біздің мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында киелі, тарихи орындарды кеңінен насихаттап, олар туралы аңыз-әңгімелер мен деректерді жинақтап жұртшылыққа таныстыру. Еліміздегі туризм саласын дамыту. Осы орайда, халықаралық тарихи, рухани байланыстарды дамытуға арналған бірқатар жұмыстар қолға алынып, қарқынды түрде кірісу үстіндеміз.
Туризм саласын дамытып-келушілердің ынтасын арттыру тек аңыз-әңгімелерді ғана насихаттау емес, тарихи орындардың көркі мен келбетін жақсарту, халыққа жайлы жағдай жасау.
Осы мақсатта-Үкаша ата кесенесі мен құдығы аймағында қуатты электр жүйесін тарту, ауыз суға арналған құдық қазу, абаттандыру сынды көптеген мәселелер «Әзірет Сұлтан» қорық- музейінің негізгі күн тәртібінде тұр. Арнайы құбырлар тарту арқылы ағын су жүргізіп көркейту, көгалдандыру жұмыстары қарастырылуда. Мұның бәрі келушілерге, яғни туристерге сапалы қызмет көрсету үшін іске асырылуы тиіс шаруалар», - дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
Бұған дейін, зияратшылар мен саяхатшылардың кесенеден 2 шақырымға жуық жердегі Үкаша ата құдығына қатынауы әжептеуір әуре-сарсаңға салатын. Себебі, қос араның қашықтығы жаздыкүнгі ыстықта, көктем- күз айларындағы лай-батпақта жаяу адам түгілі көліктегі кісіні де қажытатын. Меккедегі зәм-зәм суының қасиетімен бірдей саналатын қыр басындағы құдыққа ағылған жұртшылық жуырда ғана төселген жаңа жол мен абаттандыру істеріне алғыстарын білдіруде.
- "Менің мұнда екінші рет келуім. Ең алғаш келген сәтте жазық далада көлігімізбен әрең жеткенбіз. Баба басына құран бағыштап, суын алуға Алматы облысынан келдік. Биыл әулие маңындағы өзгерістерге қарап қуанып жатырмыз. Игі істер көптеп қолға алыныпты. Ауылды осылай көркейте берейік. Көмек беруге біз де дайынбыз", - дейді Алматы облысы, Жамбыл ауданынан келген Айнұр Қасымханқызы.
Ақпарат ретінде айта кетсек, Үкаша ата мазары мен құдығы - ІХ-Хғасырларға тән. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым, Бабайқорған ауылдық округінің солтүстігінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 451м.
Үкаша атаның алғашқыда тек қабір орны ғана болса, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіре берісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағының ұзындығы - 22,2 метр, биіктігі - 4 метр, ені - 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар.
Үкаш ата жайлы халық арасында тараған аңыз-əфсаналарда хз.Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сахабасы, мұcылмандардың əскери қолбасшысы ретінде кеңінен белгілі. Үкаша ата құдығының басында киіз үй тəріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған. Оның диаметрі- 4,5 метр, биіктігі -3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25 метрді құрайды.
Пайғамбар сахабасы Али р.ғ. Мұхаммедтің (с.а.у) алдында жүретін қорғаушысы болса Үкаша ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған. Мұхаммед ғ.с. өмірден өтер сəтінде: «Кімде-кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болды» дегенді айтады. Үкашаның басын қылыш кескен кезде 23 метрдей жерге қаны шашырайды. Мүбарак əулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын деген оймен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған. Бұл жер қазіргі таңда бүкіл түркі жұрты мінəжат қылып, тəуəп жасайтын зиярат орнына айналған.