Түркістандық әкім еліміздегі ең үздік ауыл әкімі атанды

0
826

Байқау ауылдарды дамытуға және осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға оң септігін тигізбек.


Түркістандық әкім еліміздегі ең үздік ауыл әкімі атанды

«Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында Түркістан облысы, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округінің әкімі жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Елімізде өткен «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов «Үздік ауыл әкімі» атанды.


Екінші орынды Павлодар облысы Успен ауданы Новопокровский ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко, үшінші орынды Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанов иеленді.


Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының жеңімпаздарымен кездесті. Агенттік төрағасы үздік ауыл әкімдерін өз қызметінде халықтың сұранысына сай ашық, адал әрі әділ болу маңыздылығына тоқталды.


Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ауылдық округ әкімдері арасында «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсы өткізілді. Конкурстың мақсаты - үздік ауыл әкімдерін анықтау және насихаттау. Байқау ауылдарды дамытуға және осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға оң септігін тигізбек.


Сайыс екі кезеңде өткізілді: өңірлік және республикалық деңгейлер. Өңірлік кезеңге қатысушылар ауылдық жерлерде халықтың тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған өз жобаларын қорғады, күтілетін экономикалық және әлеуметтік әсері бар ауылдарды орнықты дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді. Екінші кезеңде ауыл әкімдерінің ситуациялық кейстер арқылы проблемалық жағдайлар бойынша практикалық міндеттерді шешу қабілеті бағаланды.


Атап өту керек, конкурсқа қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық ауылдық округ әкімдері өтінім берді. Облыстардың арасында Қостанайдан - 14 әкім, Солтүстік Қазақстаннан - 12 , Жамбыл облысынан 12 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытты.


Өткен жылы ел тарихында алғаш рет өткен ауыл әкімдері сайлауының жеңімпазы болған Нұрбақыт Нұрсейітов Шардараның іргесіндегі ауылға әкім болып сайланды. Мемлекеттік қызметте он жыл еңбек өтілі бар маман екі жарым мыңдай тұрғыны бар Жаушықұм ауылын басқарады.