Түркістандық спортшылар құрметке бөленді

0
815

Қала тұрғындарының 42 пайызы спортпен тұрақты айналысады.


Түркістандық спортшылар құрметке бөленді

Түркістанда спорт күніне орай мерекелік жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы "Фараб" кітапханасында спорт күніне орай мерекелік жиын өтті. Мерекелік жиында спорт ардагерлері мен түрлі байрақты бәсекелерде киелі шаһардың абыройын асқақтатып жүрген спортшылар және сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен мәслихат депутаттары қатысты.


Жиын ашылуында қала әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев сөз алып, спортшыларға шаһар басшысының мерекелік құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев спорттың адам өміріндегі маңыздылығына тоқталып, осы салада аянбай тер төгіп жүрген спортшыларға сәттілік тіледі. Іс-шара спортшылар мен спорт ардагерлеріне және сала қызметкерлеріне арналған арнайы алғыс хаттарды табыстаумен жалғасты.


Жалпы, Түркістан қаласы тұрғындарының 42 пайызы спортпен тұрақты айналысады. Облыс орталығы болғалы шаһардағы спорттық нысандардың қатары да артқан. 2019 жылы «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді.


Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Сондай- ақ, тұрғындар арасында спортты дамытуда 75 ашық спорттық алаңша жұмыс істеуде. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Мұз сарайы қолданысқа беріледі деп күтілуде.